Рухани керуен – Лепсіде

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын бірқатар міндеттерді жүзеге асыру, жалпы мақаланы қалың көпшілікке кеңінен түсіндіру бағытында былтыр Алматы облыстық Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани керуен» жобасы жүзеге асырылған болатын. Биыл да жемісті жоба аяқсыз қалмай екінші рет облысымыздың іргелі елді мекендерін аралау үстінде.

Өткен аптада аталмыш керуен Лепсі ауылдық округіне ат басын тіреді. Ауылдық мәдениет үйінде шымылдығын түрген шара «Діни сауаттылықты арттырып, рухани байлығымызды дәріптейік» атауымен өтіп, оған әлеуметтің түрлі топтары қатысты. Керуен құрамындағы сан түрлі сала мамандары дін мен дәстүр үндестігі, туған ел мен жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық болмыс, ұрпақ тәрбиесі қатарлы өзекті мәселелер бойынша сөз қозғады. Атап айтқанда Дін істері басқармасының Діни бірлестіктермен жұмыс, құқық қорғау органдарымен өзара іс әрекет және сараптама жүргізу бөлімінің басшысы Қазыбек Омаров, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Шырақбай Жылқайдаров, облыстық «Жетісу» телеарнасының тілшісі Жұмахмет Жайлаубаев сөз алып, жаһандану заманындағы рухани сананы жаңғыртудың, жас буынға ата-баба тағылымына сай тәлім-тәрбие берудің маңызына жан-жақты тоқталды. Әсіресе облыстық «Жетісу» телеарнасының тілшісі Жұмахмет Жанахметұлының  рух турасындағы толғамдары қалың көпшілікке ой салғандығы сөзсіз.

Басқосуды түйіндеген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Дамир Каипов асыл аманат арқалаған керуен мүшелеріне алғысын білдірді.

Бұдан соң Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншісі Бақберген Асқарбеков текті термеден жыр шашуын ақтарып, көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды. Шара соңында сондай-ақ керуен мүшелері жекелеген аудиториялармен арнайы кездесулер өткізді.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: