Рухани жаңғыру – барша қазақ елінің ішкі әлемінің, сана-сезімінің жаңаруы. Біз бүгініміз бен ертеңімізді тарихпен ұштастыра отырып болашаққа қадам басамыз. Ал болашақ ХХІ ғасырдың жас ұрпақтары, яғни біздің қолымызда! Сонымен қатар көненің көзіндей ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тарихи жәдігерлерімізді жаңғырту да біздің қолымызда.
Бұл мақала өскелең ұрпақтың Отанға деген түрлі сезімдерін,ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін нығайта түседі. «Мен елімнің патриотымын»,- деп айтуға тәрбиелейді. Елбасымыздың осы бір мақаласы жарияланғаннан бері өз қолдауын тауып келе жатыр. Оның айқын көрінісі Қазақстанның әр түкпірінде өткізіліп жатқан ауқымды іс-шаралар.
Біздің де мектеп бұл мақаланы қолдаудан қалыс қалып жатқан жоқ. Жақында ғана 9-11 сынып оқушылары арасында тарих және құқық пәнінің мұғалімі Сейітқұлов Байжан Қайыркенұлының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру – болашаққа бастар жол» атты дөңгелек үстелі өткізілді. Бұл іс-шараның мақсаты біріншіден, жастарды еліміздің дамуына үлес қосуға шақыру болса, екіншіден, мақаланың маңыздылығын түсіндіру болды.
Мақаланы зер салып оқып шыққан адамның бірнеше бөлімдерге көзі түсетіні анық. Осы бөлімдерді оқушыларға пән мұғалімдері таныстырып өтті. Тарих, құқық пәнінің мұғалімі Б.Сейітқұлов «Туған жер» тақырыбында ой қозғап, Қазақстан халқының дәстүрлі рухани мәдениетін ілгерілету, мемлекетіміздің рухани тірегі, дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау екендігін тілге тиек етті. География пәнінің мұғалімі Н.Абеева «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы » бөлімін талдап, мемлекетіміздегі жаңғырылуы тиіс басты нысандарды атап өтті. Бейнелеу өнері, технология пәнінің мұғалімі Тілеухан Е. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» идеясына кеңінен тоқталды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі С. Мерекебаева «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының отандастарымыздың жетістіктерін саралайтынын ашып берді. Жоғарыда аталған жобалардың іске асырылуы көп күш-жігер мен шыдамдылықты талап етететіні белгілі. Алайда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме? Елбасымызды әрбіріміз қолдап, рухани жаңғырудың маңыздылығын сезінсек, «Мәңгілік ел» болуымызға 100% кепілдік бар.Қазақ халқының рухы биіктеп, бәсекеге қабілеттілігі артып, өнері өрлеп, ғылымы өркендеп, мәдениеті мен дәстүрі үстем болып, мейрімді, адал, ақылды, білімді, бауырмал, ұлтшыл, елшіл, кеңпейіл, отаншыл жандар қауымы қаумалаған қоғам құрайық, өз даналары мен дараларын көзі тірісінде танып, көзі тірісінде құрметтей білетін ұлтқа айналсақ деп барлық қазақстандықтарға айтқым келеді.
Айман Қайыркен,
Әл-Фараби атындағы орта мектептің 2018 жылғы түлегі.