Рухани жаңғыру- сананы жаңғырту

Рухани жаңғыру – яғни, кез келген қоғамның, ұлт болмысының мәдени дамуы, мемлекеттің рухани өміріндегі қоғамдық сана түрлерінің заман талабына сай жетілуі, ондағы тіршілік иесі адам баласының ішкі әлемінің жаңаруы, жаңашылдықты, жаңаша өзгерісті ішкі сана сезімімен толық қабылдай білу. Қоғамдық сана дегеніміз- мемлекеттің дамуымен қалыптасу жолында, ұлттың тұлғалануында ұлттық мүддені қалыптастыру, қорғау және нығайтуда мәдени құбылысқа айналып отыратын тәжірибелер мен білімдердің, рухани – әлеуметтік құнылықтардың жиынтығы.

Мемлекетті қалыптастыруда ерекше құбылысқа ие қоғамдық сананың тарихи формалары тіл, мәдениет, тарих, дін, өнер, дәстүр, ғылым, білім, экономика, құқық, саясат және тағы да басқа. 

Неғұрлым тұтастыққа жету үшін елді айшықтап тұрған ұлттың танымдық, тәрбиелік маңызға бай әдеп, ғұрып, салт-дәстүрлері қажет. Кез келген ұлттың өзіне тән төлтума рухани құндылықтары мен ізгі қасиеттері ғана біріктіре алады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз мақаласында осы ұстанымды айқын көрсетіп берді:

«… Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады… Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты- сол ұлттық кодыңды сақтай білу». Бұл- тектен тек айтыла салынған жүрек қалауы емес, бүгінгі өркениетті, озық технологиялы, жаһандық ықпалдасудан, керек десеңіз, түрлі қауіп-қатерден қорғану жолы. Осы орайда ұлтымыздың белгілі ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Қасыңнан да, досыңнан да сақтан»,- деген сөзі ойға оралады. Сақтанудың басы- өзіңе қатысты рухани құндылығыңды түгендеп, кейінгіге мұра етіп қалдыру. Елбасымыздың рухани жаңғыру мақаласында тағы бір маңызды,  өзекті мәселе – туған жерге деген махаббат. Әр халық ел болып ғұмыр кешу үшін жастардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, рухани болмыспен өмір сүруге үйрету. Рухани жаңғыруды  өркениеттің қарыштап дамуымен байланыстырамыз. Рухани жаңғыру жолында өткен тарихымызды зерттеп,  тарихымызды толық білмей, болашағымызға  болжау  жасау мүмкін емес. Өйткені, өткен ғасырлардағы ата-бабамыздың маңдай тер, табана еңбектерімен салынған, сән-салтанаты жарасқан қалаларымыз, мыңдаған жыл өтседе, сырын бермес, ескерткіштеріміз, тарихымызды толғар мұраларымыз рухани жаңғырудың бұлтартпас айғағы болмақ.

Елбасымыз Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бірнеше принциптерін ұсынды. Атап айтатын болсақ, бірінші кезеңде:  Бәсекеге қабілетті болу. Екіншіден: Ғаламданудың жаһандық жүйесіне ену, ХХІ ғасырдың жаңаша талаптарына дағдылану, сапалы табыстың кілті екенін нақты атап айтты. Ұлан ғайыр кең даламыздағы қазыналарымыздың бұзылмай сол қалпынша қолданып, оларды қорғау, қазыналарымызды болашақ ұрпаққа жеткізу жолында, бір мақсатта болып, межелеген межеге жету арқылы, қандай да бір зиянды саяси радикалды идеалогияларға  қарсы бола білудің бағдарын ұсынды. Үшіншіден: Ұлттық код. Яғни, қазақ халқына тәнұлттық сән-салтанатымыз, асыл мәдениетіміз барлығы бойымызға ана сүтімен дарыған қасиет болғандықтан, үнемі насихатталып тұруын ескертіп. Сонда ғана қазақ халқының әлемге танылып, дамитындығын баса айтты.

Рухани жаңғырудың тағы бір бастамасы- елімізде білімнің салтанат құруы болып табылады. Қазіргі таңда білім бағдарламаларының елімізде қарыштап дамып, ұтымды үлес қосып келе жатқандығын айта кетсек, болашақтың білімдегі табыс тізгіні, білімді ұрпақ қолында.

Қорыта айтқанда, мемлекет пен ұлт құрыштап құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болу керек.

Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, рухани жаңғыру- оның ішінде сананы жаңғырту да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңару, жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Өмір сүру үшін адам қоғам өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді.

Қ.Нәдірова,

М.Төлебаев атындағы орта   мектептің

әлеуметтік педагогы.

Мәліметпен бөлісу: