
Ұлттық құрылтай – қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптейтін, тарихымызды, мәдениетімізді, тілімізді салт-дәстүрімізді ретке келтіретін, жас ұрпақты тәрбиелеуді жолға қоятын, руханиятымыздың өркендеп дамуына жағдай жасайтын ерекше құрылым. Екінші сөзбен айтқанда, Әділетті Қазақстанның жас өкілдеріне тәрбиелік жол сілтейтін ұлағатты ұйым. Ұлттық тәрбие жолында ұсақ-түйек деген ұғым болмауы керек. Егер сен парасатты ұл, ибалы қыз тәрбиелегің келсе, ата-бабаң қалдырып кеткен ырым мен тыйымды ұмытпа. Ата-бабамыз жас ұрпағына жат әдеттен аулақ болуды үйреткен, талап еткен, тіпті жекірген, ұрысқан. Сондықтан жас ұрпақты, қоғамды тәрбиелеуде көнеден келе жатқан ұстындардың бәрі бізге жат емес. Айталық, қазақ ықылым заманнан бері ұрпағына «ешкімнің ала жібін аттама», «ешкімге қиянат жасама», «үлкеннің алдын кеспе, сөзін жерге тастама», «кісі ақысын жеме» деген сияқты сан алуан тыйымдарды бекер айтып келді дейсің бе? Оны тыңдаған, орындаған ұрпақтың жаманы бар ма?
Қ. Абдрахманов,
Жетісу облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы.