ҚҰРЫЛТАЙ – ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ, БОЛАШАҚТЫҢ БАҒДАРЫ

Қазақ халқының мемлекеттік басқару дәстүрінде Құрылтайдың орны ерекше. Сан ғасырлар бойы ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер дәл осы алқалы жиындарда талқыланып, ортақ мәмілемен шешіліп отырған. Ел бірлігі, жер тұтастығы, хан сайлау, сыртқы саясат, соғыс пен бітім сияқты стратегиялық маңызы бар мәселелер Құрылтайда қаралып, халықтың ортақ еркімен қабылданған.

Тарихқа көз жүгіртсек, Құрылтай – тек билік өкілдерінің бас қосатын жиыны емес, елдің бірлігі мен тұтастығын нығайтатын, халықтың үнін жеткізетін кеңес алаңы болған. Қазақ қоғамында ақсақалдар, билер, батырлар мен ру басылары маңызды шешімдерді көпшілік талқысына салып, ел мүддесін бәрінен биік қойған. Мұндай дәстүр қоғамдық келісім мен жауапкершілікті қалыптастырудың жарқын үлгісі саналады.

Биыл 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияда Құрылтай институты жаңа мазмұнда бекітілді. Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасының Құрылтайы – заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы. Бұл – еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды конституциялық жаңашылдықтардың бірі.

Жаңа Конституциядағы Құрылтайдың негізгі мақсаты – халықтың еркін білдіру, қоғамның мүддесін заң шығару арқылы жүзеге асыру және мемлекеттің орнықты дамуына құқықтық негіз қалыптастыру. Құрылтай қабылдайтын заңдар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, әділеттілік пен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталады.

Құрылтай қызметінің басты қағидаттарының бірі – халықтың еркін білдіретін өкілдік сипаты. Оның құрамындағы депутаттар елдің әр өңірінің, әрбір азаматтың мүддесін қорғауға міндетті. Бұл мемлекеттік шешімдердің халықтың сұранысы мен қоғамдық қажеттілікке негізделуіне мүмкіндік береді.

Жаңа Конституция аясындағы Құрылтайдың тағы бір маңызды міндеті – заң шығару қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету. Мемлекеттік басқарудағы ашықтық азаматтардың билікке деген сенімін нығайтып, құқықтық мәдениеттің қалыптасуына оң ықпал етеді.

Құқықтық мемлекет құру жолында әр азаматтың белсенділігі ерекше маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда, биыл 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы – ел өміріндегі маңызды саяси науқан. Бұл сайлау арқылы азаматтар заң шығару органының құрамын айқындап, мемлекеттің алдағы даму бағытын қалыптастыруға өз үлесін қоса алады.

Құрылтай – тарихтан бастау алған ұлттық құндылықтарды бүгінгі заман талаптарымен сабақтастыратын институт. Ол халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, заң үстемдігін, әділдікті және қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге қызмет етеді. Сондықтан әрбір азаматтың Құрылтайдың маңызы мен міндетін терең түсініп, қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуы – елдің тұрақты дамуы мен жарқын болашағының кепілі.

Күлшарбан Қалиева,

ана медиатор, аудандық Аналар кеңесінің төрағасы, Сарқан ауданының Құрметті азаматы.

Мәліметпен бөлісу: