Ауданда соңғы жылдары құрылыс қарқынды жүргізілуде. Халық игілігі үшін салынып жатқан нысандардың басым бөлігіне қаржы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында мемлекеттік нысандарға инфрақұрылым тарту үшін қаржы берсе, «Нұрлы жер» бағдарламасы халыққа тұрғын үй және әлеуметтік нысандар салып беруді көздейді. Осы орайда облыс әкімдігі, аудан әкімдігі қор қаржысының игерілуін қатаң бақылауға алуда.
Өткен жұма күні «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Алмас Мұқаев Сарқан ауданында жұмыс сапарымен болып, аудан орталығындағы 300 орындық оқу корпусы, мәжіліс залы және асханасы бар Абай атындағы мектеп-гимназияны реконструкциялау барысымен танысты.
Мектеп-гимназияның жапсарлас салынып жатқан құрылысының жалпы сомасы 771,339 млн. теңге. Өткен жылдың соңында құрылыс жұмысы басталған нысанның 1-5 блок ғимаратына күрделі жөндеу аяқталып, 6-7 блоктың жұмыстары жоспарға сай жүзеге асу үстінде. Бүгінгі таңда ауқымды құрылысқа екі ауысымда 110 құрылысшы, 8 техника қамтылған.
Атқарылған жұмыстың сапасын, сынып бөлмелерін, спорт зал мен ғимараттың кіре берісіндегі пандусты көзбен көрген партиялық жұмыс тобының жетекшісі, бақылау жөніндегі инспектор Алмас Нұртілеуұлы мердігер мекеме — «Құрылыс-ТБС» ЖШС-нің жауапты мамандарының, аудан әкімінің орынбасары Марат Разбековтың, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Рымбаевтың және аудандық мәслихат депутаты Жомарт Игіманның ой-пікірлерін тыңдап, құрылыс барысына оң баға берді.
Бақылау жүргізушілер құрылыс жұмысының кестеден қалмауын, қаржының тиімді пайдаланылуын назарда ұстайды. Бар қаржыны мақсатты жұмсай отырып, белгіленген мерзімде нысан қолданысқа беріледі деген сенім бар.
Серік Серкебаев,
аудандық мәслихаттың депутаты.