Жаңа жыл мейрамы қарсаңында жеке кәсіпкер, «Амина» мейрамханасының иесі Ася Валентиновна және «Абдрахимов» шаруа қожалығының басшысы Мират Хаматайұлы көп балалы және толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан ұл-қыздарға мерекелік дастархан ұйымдастырды. Мейрамхана қонақтары балғындарға жасыл шырша жанында ерекше сый жасалды.
Шарапатты шараға аудан әкімі аппаратының басшысы Бауыржан Абибеков келіп, бүлдіршіндерді жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оқуда озат болуға шақырды.
Демеушілер тарапынан балалардың көңілдерін көтеру мақсатында әуезді әндер, қызықты ойындар ойнатылып, ғажайыпқа толы әсерлі кеш ұйымдастырылды. Жасыл шырша мерекесіне шақырылған 156 жасөспірімге тәтті сыйлықтар мен ойыншықтар үлестіріліп, сәби көңілі көкке шарықтады.
Осынау шара жоғарыда аты аталған демеушілер тарапынан жыл сайын ұйымдастырылатын игі дәстүрге ұласып келе жатқандығын айта кеткеніміз жөн!
Өз тілшіміз.