Сөгілмесін іргеміз!

Басымыздан қаралы күндер, үрейлі түндер өтті. Ел үшін қаза болғандардың отбасына қайғырып көңіл айтамыз.

Тəуба, ойымызды ойран етіп, ұрпағымыздың болашағына алаңдап, жанымызды жегідей жеген күдік-күмəн сейілді. Дегенмен жымысқыланып елдің ішіне енген жатпиғылдылар іштен ірітпесе деңіз…

«Іштен шыққан жау жаман» деп атам қазақ бекер айтпаса керек.

Аудан орталығындағы қымбатшылыққа қарсы митингіге шыққандардың өкілдерімен тілдестім. Азық-түлік, жанармай, газ бағасы қымбаттамаса дейді. Бұл — ауыл тұрғындарының көкейіндегі талап.

Тəуелсіздігіміз қыл үстінде тұрғанда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың үндеуі баршамызды жігерлендірді. Күшіміздің бірлікте екендігін сезіндік. Жастарымыз еріктілер қатарында ел іргесінің бекем болуы үшін күзетке шықты, жат əрекеттердің алдын алуға құлшынды. Кәсіпкерлер жұмылып ел үшін шыбын жанын шүберекке түйген еріктілерді ыстық тамақпен, аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Қиын кезеңде алып-қашпа сөзге ермеген ағайынға алғысымыз шексіз!

Кірлеттім-ау көңілімді – айнамды,

Жан дүниемді бұлт бүркеді, қайғы алды.

Арам пиғыл тұнығыма тас атып,

Адалдығым лайланды.

Өтті бұлғақ, сараласақ біз бүгін,

Сынға түсті сол күн Тәуелсіздігім.

Уысымнан шығып кете жаздады,

Жат қолына тізгінім.

Жасын түсіп, айналасын жайпады,

Уық сынып, шаңырақты шайқады.

Ұласқан соң лаңкестердің лаңына,

Содырлардың сойқаны.

Күдік … күмән… осы ма еді таңдауым,

Көрінбеді тұманданып алдағым.

Мысықтілеу миығынан күледі,

Ел тартады-ау зардабын.

Қиындықты еңсереміз бірге біз,

Қалың елдің тыныштығы-жүлдеміз.

Төгілмесін жазықсыз қан ешқашан,

Сөгілмесін іргеміз!

Жомарт ИГІМАН,

Мәліметпен бөлісу: