Құс тұмауынан сақтанайық!

Жабайы құстар жыл мезгіліне қарай өздеріне ғана белгілі “сүрлеуден” ауытқымай, ары-бері ұшып жүре береді. Ал “құс тұмауының” үй құстары арқылы адамға жұғу ықтималдылығы жоғары екені бүгінде баршаға мәлім. Құс тұмауының вирустары жабайы және үй құстарында, жылқыларда, шошқаларда кездеседі. Жабайы құстар (әсіресе суда жүзетін үйрек, қаз, аққу және т. б.) әдетте құс тұмауымен ауырмайды, бірақ індеттің таралу көздері болып табылады. Үй құстарды құс тұмауына шалдыққан жағдайда ауру жасырын түрде өтіп, құстардың өліміне соқтырады. Осы уақытқа дейін вирустың адамнан адамға жұғуы анықталмаған. Сырқаттанғандардың бәрі ауруды құстардан жұқтырған. Вирустың мутациялық өзгерістерге ұшырауына байланысты оның вирулентігі күшейген. Құс тұмауының вирусының таралуы жабайы құстардың көктемге және күзге ұшу бағытына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Ресей жақтан ұшып келетін құстар еліміздің солтүстігі мен шығысына қатер төндіруі әбден мүмкін. Қытай арқылы келетін құстар еліміздің шығыс өңірлеріне қатерлі. 

Құс тұмауына шалдыққан науқаста байқалатын белгілер кәдімгі тұмаудың белгілеріне ұқсас. Үйреншікті зертханалық тексерулермен вирус Н5N1 штаммы анықталмайды, сондықтан дұрыс нақтама кеш қойылуы мүмкін. Нақтама қойылғанға дейінгі аралықта ауру асқынып, геморрагиялық пневмония, өкпе-жүрек жеткіліксіздігі, өкпенің қабынуы, энцефалопатия белгілері байқалады. Ыстығы көтеріліп, жөтеліп және оны арнайы зерттеу арқылы болмаса, құс тұмауы екенін анықтау да қиын. Және жалпы тұмаудың вирустары тез құбылып, түр өзгертіп отырады дейді мамандар. Құс тұмауының вирустары адам тұмауының вирустарымен будандасса, ең қауіптісі сол. Адамға құс тұмауын жұқтыру қаупінің күшейетін кездері — ауру құстарды күткенде, қиын жинағанда, етін өңдегенде орын алады. Ем шаралары жүргізілген кезде құс тұмауын емдеуде кәдімгі адам тұмауына қарсы дәрі-дәрмектер жақсы нәтиже берген.         

Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасында құс тұмауының таралуының алдын алу үшін төмендегі іс-шаралар жүргізілуде. Құс фермаларында ветеринарлық қадағалау, залалсыздандыру талаптары күшейтілген. Шетелдерден және құс тұмауы тіркелген аудандардан құс өнімдерін тасымалдауға тыйым салынған. Жеке шаруашылықта үй құстарын күтуде арнайы киім, тұмылдырық кию, құс тұмауына күдікті, ауырған құстарды басқаларынан жеке оқшаулап, мал дәрігеріне хабарлау, өлген құстарды өртеу, мұздатылған құс өнімдерін асқа пайдаланғанда гигиеналық және аспапты талаптарды қатаң орындау қажет.     

— Шикі еттің піскен тамаққа жұғыспауын қадағалау, піскен тамақты бөлек сақтау.

— Шикі етке бөлек құрал (пышақ, кесуге арналған тақтайша) пайдалану.

— Жұмыртқаны, шикі етті ұстаған соң және турағаннан кейін қолды жуу.

— /Құс өнімдерінен тағам дайындағанда міндетті түрде технологиялық регламентті (температура мен пісу уақыты) сақтау.

— Үй құстарының жабайы құстармен араласуына жол бермеу.

— Мал жайлайтын киімдерді күнделікті киетін киімдерден бөлек қою, марліден тігілген бетперде, резеңке қолғап кию.

— Құстардан клиникалық белгілер байқалса немесе қырылып қалса, тез арада ветеринарлық қызметке хабарлау. Ауырған немесе өлген құстың жанына жақындамау.

— Тірі қалған құстарды бөлек қораға кіргізіп, аулаға шығармау, ветеринарлық қызмет мамандары рұқсат бергенше сойып, етін және жұмыртқасын пайдаланбау.     

  Ж.Садбаев,

Сарқан аудандық аумақтық инспекциясының мемлекеттік ветеринариялық- санитариялық инспекторы.    

Мәліметпен бөлісу: