Сәт сапар, жас түлек

Сәрсенбінің сәтінде аудандық мәдениет үйінде жылдағы дәстүрге сай бала шақтан болашаққа қадам басқан мектеп бітірушілер құрметіне «Сәт сапар, жас түлек» атты салтанатты жиын болып өтті. Жиын шымылдығын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні ашты. Аталмыш жиынға аудан басшылары, аға буын өкілдері, ұстаздар, ата-аналар қауымы қатысты.

Балалықтан даналыққа бір қадам жақындаған түлектерді ең алдымен  аудан әкімі Марат Разбеков құттықтап, жылы лебізін ортаға салды.

Жиынның негізгі бөлігі – «Алтын белгі» төсбелгілерін аудан басшысының қолынан алған жас буынның жүзінен шуақ пен қуат төгіліп, көпшілік алдында мерейлері тасығандығы сөзсіз. Қаншама қажыр мен қайраттың, ұстаз бойындағы білім мен біліктің арқасында түлектер жеткен жетістік жүргізушілердің жарқын даусымен жария етілді. Халықаралық, Республикалық, облыстық, аудандық сан түрлі сайыстардың жеңімпаздары сахна төрінде осынау толағай табыстарда өзіндік үлестері бар ата-аналарымен салтанат құрып, абыройлары асқақтады. 

 2018-2019 оқу жылының «Алтын белгі» төсбелгі иегерлері, ауданымыздың мақтаныштары бұдан соң осынау қуаныш кернеген сәтті естелік суретке түсіп, тарих беттерінде қалдырды. Өз кезегінде түлектер жүрекжарды ыстық ықыластарын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жеткізіп, қуанышты еселеді. Балаларының 11 жылдық білім додасындағы ыстығына күйіп, суығына тоңған ата-ана тілегі қашанда шынайы. Ата-аналар атынан Ақын Сара атындағы орта мектеп түлектерінің ата-аналары атынан А.Амиргалиева, Н.Островский атындағы мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі Н.Раструбина ақ тілектерін ақтарды. Балалықтың бал әнін шырқаған жас буын бұдан соң алаңсыз, бал дәурен шақтың соңғы биін биледі. Санаға тәрбие мен білім нәрін қатар сіңірген мектебімен, ұстаздарымен, достарымен үнсіз қоштасқан түлектерге «Сәт сапар, ақ жол, армандарыңа жетіңдер!» деген алғаусыз ақ тілекті тілеулес, ниеттес жандар жүрекпен айтқандығы сөзсіз.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: