Сөзден іске көшу керек

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлейменнің ауданымызға сапарында нақты атқарылған жұмыстар сараланып, өзекті мәселелер талқыланды.   Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, ауданның тыныс-тіршілігімен танысу мақсатындағы іссапар барысында депутат бірнеше нысанға атбасын бұрып, тұрғындармен жүздесті.

Сапар бастауында өткен жылы жұртшылықтың жұмыла қолға алынуымен күрежолдың бойында бой көтерген  Алдияр батырдың еңселі ескерткішіне тағзым еткен  Ләззат Жаңылысқызы береке-бірліктің нәтижесінде қалың елдің рухын аспандататын тарихи тұлғаның есімін мәңгі есте қалдыру бағытындағы қолға алынған ауқымды жұмысқа ризашылығын білдірді.Сол күні аудандағы  50 жылдық тарихы бар арнаулы оқу орындары — Сарқан гуманитарлық және Сарқан политехникалық колледждерін аралап, алдағы атқарылатын жоба-жоспарларымен танысты. 

Өткен жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне жаңарып, жанданған,  күрделі жөндеулерден өткен  «Жастар», «Қойтас» демалыс саябақтарын аралап, аудан орталығындағы жұртшылықтың бос уақыттарын мәнді өткізуіне мүмкіндік беретін өркенді өзгерістерге куә болды.  Сондай-ақ жуырда ғана салтанатты түрде ашылған «Сенім» оңалту орталығында болған халық қалаулысы жас жеткіншектердің денсаулығын басты назарда ұстайтын орталық  қызметкерлерінің жауапты жұмыстарына ризашылығын білдірді.

— Еліміз қаңтар қасіретінен соң көп нәрсенің мәнісін ұқты. Әрине ол еліміздің ең қымбат асыл мұрасы Тәуелсіздігіміз. Өздеріңізге мәлім 16 наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын жариялады. Бұл Жолдау халықтың жан айқайын ескергендігімен ерекшеленді. Ендігі міндет болашағымыздың алғышартын берік қалап, мүмкіндігімізді  сөзбен емес нақты іспен дәлелдеу.  Бұл дегеніміз — еліміз жаңа дәуірге қадам басады, тың өзгерістер болады деген сөз, — деді Ләззат Жаңылысқызы жұртшылықпен жүздескенде.

Сенат депутаты аудандық мәдениет үйінде қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға жазылғандар  тарапынан түрлі сипаттағы сауалдар қойылды. Атап айтқанда  тұрғын үйдің, жер телімдерінің қажеттілігі арқасына аяздай батып жүргендер мұң-мұқтажын ақтарса, бірқатары ауыл шаруашылық техникаларына субсидия мөлшерін ұлғайту жөнінде ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Тұрғындардың талап-тілектерін назарға алған Ләззат Жаңылысқызы өтініштердің ескерусіз қалмай, құзырлы мемлекеттік органдарға жолданып, шешімін табатындығына және уақытылы жауабы берілетіндігіне сендірді.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: