Саңлақтар сараланды

Сарқан ауданында бұқаралық спорттың кең өріс алғаны баршаға белгілі. Спорттың түр-түрінен топ жарып жүргендердің барлығы да осы саладағы жетістіктерінің негізін ауыл спортынан алған.

Осының айғағындай жуырда Астананың 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73 жылдығы құрметіне Шатырбай ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері Шарапиев Төлеубек Орысбайұлын еске алуға арналған  облыстық турнир өтті. 1924 жылы Сарқан ауданына қарасты Ағарту ауылдық округінде дүниеге келген Төлеубек Орысбайұлы 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Қызыл Тулы Амур флотилиясының құрамында Жапониямен арадағы соғысқа қатысып, туған жеріне 1950 жылы оралған. Елге келген соң Ағарту, «Путь Ильича» колхоздарында зейнетке шыққанға дейін механизатор  болып еңбек еткен. Жауынгерлік «Ұлы Отан соғысы» ордені мен «Жапонияны жеңгені үшін» медалінің қатарында еңбек майданында алған «Ленин», «Құрмет белгісі» ордендері, «Тың жерді игергені үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдары сап түзеп, «Сарқан ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері атанған майдангердің соңында асыл жары Несібелді Омарқызы, 10 баласы, 28 немересі, 28 шөбересі қалды.

Майдангерді еске алу турнирін Шатырбай ауылдық округінің әкімі Мұратбек Қожабеков ашып,  жауынгердің ұлы, Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев, спорт ардагері Берікқали Мұханбаев, Екіаша орта мектебінің мұғалімі Матайбек Молдахметов жарысқа қатысушыларға сәт сапар тіледі.

Облыстық турнирге қатысқан 12 команданың ішінен іріктеліп, Сарқан ауданының  Шатырбай, Қарғалы ауылдарының,  Талдықорған қаласының, Алакөл ауданы  Көлбай ауылының командалары финалға шықты. Тартысты ойында бас жүлдені көлбайлық волейболшылар жеңіп алып, 100 мың теңге ақшалай сыйлықпен, кубокпен марапатталды.   Шатырбай, Талдықорған, Қарғалы командалары екінші, үшінші және төртінші орындардан көрініп, ақшалай сияпатқа қоса грамота және естелік төсбелгіні иеленді.

 

Ж. МАҚАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: