Санақ бойынша семинар-сабақ

Биылғы жылғы ел өміріндегі елеулі қоғамдық-саяси науқанның бірі ол халық санағы. Қазақстанда ұлттық халық санағы әр 10 жыл сайын өткізіледі. Соңғы науқан 2009 жылы, келесі науқан 2019 жылы өтуі керек еді. Алайда санақты дайындау мен өткізуге байланысты бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді ескере отырып, оны 2020 жылы өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Бірақ еліміздегі коронавирустық инфекцияның таралуына және енгізілген шектеулі карантиндік шараларға байланысты шараны кейінге яғни 2021 жылға қалдыру туралы шешім қабылданды.

Сонымен аталмыш науқанды биыл оның ішінде онлайн халық санағын 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастау туралы шешім қабылданды. Ол 15 қазанға дейін sanaq.gov.kz сайтында әрі тәулік бойы жұмыс істейді. Ал дәстүрлі үздіксіз санақ онлайн-санақтан өтпеген азаматтарды қамту үшін қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып, 2021 жылдың 1 қазанынан 30 қазанына дейін жүргізіледі. Санақ жүргізуші интервьюерлерді халық көк түсті сөмке, шарф және куәлігі арқылы танитын болады.

Жуырда аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауданаралық санақтың негізгі кезеңін оқыту бойынша семинар-сабақ өткізілді. Аудан әкімі аппаратының басшысы Ұлан Ерденбеков төрағалық еткен жиынға Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Алматы облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаменті басшысының орынбасары Марат Букенов, Алматы облысы бойынша Ұлттық статистика департаментінің санақ жөніндегі уәкілі Мұрат Дарибаев, аудандық статистика басқармасының басшысы Талғат Аязбаев және Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының статистика саласының қызметкерлері, мекеме, кәсіпорын, БАҚ өкілдері қатысты.

Төрағаның айтуынша қазіргі таңда ауданда бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Тұрғындар арасында санаққа қатысты түрлі сипаттағы жадынамалар, бейнероликтер және түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Семинардағы алғашқы баяндаманы Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Алматы облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаменті басшысының орынбасары Марат Букенов жасады. Баяндамасын бейне көрініспен сүйемелдеген Марат Боранбекұлы санақтың әрбір сұрағына жекелей тоқталып, жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ облыстан келген мейман қатысушыларға санақ барысында кездесетін сан түрлі жағдайлар, оларды шешу жолдарын нұсқады.

Жиын соңы сұрақ-жауап форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: