Қандай ағаш болсын өзегіне құрт түссе жегі құрт кеулеп, діңін кеміріп соңында құлатып тынады. Сыбайлас жемқорлық та бейне жегі құрт тәрізді. Елдің өркендеуіне, өсуіне мүмкіндік бермейді. Кез келген мемлекеттің басты жауы — жемқорлық дерті де біздің тәуелсіз елімізді айналып өтпеді. Сөзсіз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттары болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жемқорлықтың барлық түрімен ымырасыз күрес – мемлекетіміздің одан әрі дамуының басымдығы. Парақорлық, тамыр-таныстық, қоңырау шалу арқылы мәселе шешу және тағы басқа келеңсіздіктер жылдар бойы азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне селкеу түсіргенін білесіздер. Осы орайда халықтың әділдікке деген үміті азая бастады,- деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысын қабылдау барысында. Жүздесу аясында Президент жемқорлыққа итермелейтін жүйелі себептер мен жағдайларды жою аса маңызды екенін атай келе, жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы сыбайлас жемқорлықты анықтауға және оның жолын кесуге баса мән беруді тапсырды.
Ал өзіміздің өңіріміздегі осынау кеселмен күрес жұмыстары қалай өрбуде. Бұл туралы аудан әкімі Ғалымжан Маманбаевтан сұрап білген едік.
-Ғалымжан Қанатұлы, ауданда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында нендей жұмыстар атқарылып жатыр?
-Сарқан ауданы бойынша Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында аудан әкімдігінің қаулысымен құрылған «Сарқан ауданы әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия» тұрақты негізде жұмыс жүргізіп келеді. Төрағасы – аудан әкімі яғни мен, мүшелері жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының бірінші басшылары болып табылады. Комиссия құрамы 17 адамнан тұрады. 2022 жылы тоқсан сайын комиссияның тұрақты отырыстары өткізіліп, онда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша 13 жоспарлы сұрақтары қаралып, мекеме басшылары, қала және ауылдық округ әкімдерінің есептері тыңдалған. Жыл қорытындысы бойынша аналитикалық мониторинг әзірленіп, комиссияның 2023 жылға арналған жұмыс жоспары нақтыланды.
-Салдарымен емес себебімен күресу қашанда жеңілірек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, ағарту шаралары қалай жүзеге асуда?
-Аудан халқының құқықтық мәдениетін арттыру, қоғамда сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтарға «нөлдік» төзімділікті қалыптастыру мақсатында 2 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, біршама жұмыстар ұйымдастырылып өткізілуде. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, жалпықоғамдық төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында бірқатар ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша келесідей іс-шаралар жүзеге асырылды. Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, бүкіл қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тарту және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында Сарқан қаласы мен ауылдық округтерде сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне «нөлдік» төзімділік атмосферасын құру мақсатында аудандық деңгейде 13 кездесу өткізілді, оған 3247 адам қатысты. Сондай-ақ, 11 билбордорнатылып, әлеуметтік желілерде 2 тақырыптық бейнеролик әзірленіп, орналастырылды. Аудандық «Сарқан» газетіне 36 мақала жарық көріп, ресми сайттарға жарияланды. Әлеуметтік желілерге 178 жарияланым орналастырылды.
Ауылдық деңгейде тұрғындарымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениет қалыптастыруда 42 іс-шараұйымдастырылып, әлеуметтік желілерге жарияланды. Қоғамдық орындарда және әлеуметтік желілерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық плакаттар ілініп, үгіт-насихат құрылғылары таратылады. Мемлекеттік органдардың кіре берісіне «Пара берме, пара алма!», «Бір пара екі қылмыскер», «Сыбайлас жемқорлық қоғам дерті» тақырыптарында шығарылған 5 мольбердтер орналастырылды. Бұның барлығы алдын алу, ағарту жұмыстары.
Сонымен қатар, Антикор орталығы мен облыс әкімдігінің жоспарына сәйкес жыл басынан аудан әкімі аппаратында, оған қарасты 7 бөлімде және 13 ауылдық округ аппараттарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары жүргізілді. Жыл басынан 21 мемлекеттік мекемелерде ішкі талдау шаралары жүргізілді.
-Жалпы, қалай ойлайсыз, адамның пара алмауы жалақының көптігіне байланысты ма?
-Меніңше байланысты емес. Ең бірінші тұлғаның тәрбиесіне, түпкі санасына байланысты деп ойлаймын. Жуырда ғана Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдап, еліміздегі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары жөніндегі есебін тыңдады. Агенттік төрағасының айтуынша бірінші тоқсанда ғана 500-ден астам жемқорлық қылмыс тіркеліп, 400-ден аса тұлғаның жемқорлық әрекеті әшкереленген. Оның 53-і әртүрлі деңгейдегі жоғары лауазымды басшылар екендігін ескерсек жалақының көптігі сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл емес.
-Соңғы жылдары аудан орталығында көпқабатты тұрғын үйлер көптеп салына бастады. Кезегін сарыла күткендердің тезірек алға жылжып, заңсыз үй алуға тырысатындары белгілі. Бұған не дейсіз?
-Ойыңызды түсіндім. Жер қатынастары саласын реттейтін «Аудандық жер комиссиясы» және тұрғын үйді жекелендіру, кезекке қою мәселесін қарастыратын «Тұрғын үй комиссиясы» да аудан әкімі аппаратының тікелей бақылауында. Аталған комиссия құрамының жартысын үкіметтік емес ұйымдардың өкілі құрайды. Яғни, ашықтық, жариялылық қамтамасыз етілген. Жуырда қала тұрғындарымен өткен есепті кездесу аясындағы жеке қабылдауымда осы мәселемен көптеген жандар келді. Барлығына тиісті заң аясында өз кезегін күту қажеттігін жеткіздім.
Сондай-ақ өткен жылдың қорытындысы бойынша Сарқан ауданы әкімдігіне бағынысты мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қатысты сыбайлас жемқорлықтық іс-әрекет фактісі тіркелмегендігін атап өткім келеді.
Сұхбатыңызға рахмет!
П.ЖЕҢІСХАН.