Жақында аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков Черкасск ауылдық округіне қарасты Қарғалы ауылында сонау 1937 жылы құрылған «Ауыл шаруашылық дақылдарын сорттық сұрыптау жөніндегі Оңтүстік –Шығыс аймақтық инспектурасына» барып жұмысымен жақынырақ танысты.
80 жылдан астам егістік дақылдарды сұрыптаудан өткізіп, біздің өңірімізге бейім, лайықталған жаңа тұқымдарды іріктеумен айналысатын аталмыш ұйым дараланған өскіндерді егістікте пайдалану арқылы түсімнің көлемін арттырып, сапалы тұқымға қол жеткізу мақсатында талмай еңбектенуде.
Аталмыш ұйымның жергілікті жетекшісі Иващенко Тамара Николаевнаның анасы салада 40 жыл еңбек етсе, ал өзі 20 жылын осынау іске арнаған. Дақылдарды зерттеу орталығы 5 әр түрлі ауыл шаруашылық техникасымен қамтылып, қарамағында 9 адам қызмет етеді.
Қазіргі таңда орталықта 180 түрлі тұқым сынамадан өтуде. Әр тұқым кемінде 3-4 жылға жуық сыналады. Мәселен: жүгерінің 8 түрі, арпаның 10 түрі, бұршақтың 6 түрі, соя бұршағының 12 түрі, күнбағыстың 12 түрі, бидайлардың 26 түрін өсіріп іріктеу ісі жүргізілуде.
Өз тілшіміз.