
«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы Саяси кеңес Бюросының көшпелі отырысы ұйымдастырылды. Басқосуға облыстық саяси кеңес мүшесі, аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының өкілдері, аудандық саяси кеңес бюросының мүшелері, бөлім жетекшілері мен бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Сарқан ауданы әкімі Ғалымжан Қанатұлы «AMANAT» партиясының аудандық сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы Жол картасы көрсеткіштерінің 2025 жылға орындалуы туралы есебі тыңдалды. Әкім өз баяндамасында жол, инфрақұрылым, әлеуметтік нысандарды жаңарту, ауыл шаруашылығын дамыту және жұмыспен қамту бағыттарында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының жол картасын іске асыру шеңберінде Сарқан ауданы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін 80 іс-шарадан тұратын 4 басым бағытты іске асыру жоспарланған, оның ішінде 2025 жылға – 70, қалған 10 шараның орындау мерзімі келесі жылдарға жоспарланған.

Мәселен, «Тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту мақсатында жол картасында көзделген Сарқан қаласының «Болашақ» ықшам ауданында 5 қабатты 60 пәтерлі жалға берілетін 2 тұрғын үй құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, аталаған ықшам ауданында 5 қабатты 60 пәтерлі несиеге берілетін 2 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде, аяқталу мерзімі келесі жылға жоспарланбақ»,-дейді Ғалымжан Қанатұлы.
Жиын барысында аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері және мәслихат депутаттарының жыл басынан бері атқарған жұмыстары қаралды. Талқылау кезінде бірқатар депутаттардың әлеуметтік желідегі белсенділігі, тұрғындармен кері байланыс орнату деңгейі және жарияланған ақпараттардың сапасына қатысты да бірқатар ескертпелер жасалды. Депутаттық сауалдарды дер кезінде жолдау, олардың орындалуын бақылау және есептілікті күшейту мәселелері де назарға алынып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктелді.
