Сарқандық ұстаздар ғасыр жобасын қолдайды


Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі Республикалық халықтық штаб мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев Сарқан ауданына атбасын бұрып, Сарқан политехникалық колледжінің ұстаздарымен Қазақстанның ғасыр жобасы саналатын АЭС төңірегінде әңгіме өрбітті. Спикердің сөзінше, электр қуатын өндіру тиімділігі жағынан жаңартылатын энергия көзін пайдалану диапазоны 20-40 пайыз аралығында болса, АЭС-тің тиімділігі 90 пайыздан жоғары екен. Қазіргі уақытта Қазақстанды энергия тапшылығынан АЭС қана құтқарады. Айтпақшы, мұндай тиімділік тіпті көмір генерациясында да жоқ екен.

«Сәулелі элементтен үрей көріп, қауіптілігін алға тартып жүрген отандастарымыз да бар. Бірақ, олар біраз жайдың астарына үңіліп отырған жоқ. Бір АЭС салып, Қазақстан энергиялық тапшылықты толықтай еңсеріп тастамайды. Атом электр стансысымен қатар баламалы энергия өндіруді де басты мақсат етеміз. Былай айтқанда, еліміздің болашағы АЭС-пен қатар жаңартылған энергия көздері симбиозына негізделмек», — деді Ғалиасқар Сарыбаев.

Мұнан соң штаб мүшесі АЭС-тегі қауіпсіздік жайын, Балқаш көлінің флорасы мен фаунасының ешқандай зиян шекпейтінін, қоршаған ортаны қорғау туралы мәселелерді тізбектеді. Айтуынша, 3 буынды реакторлы АЭС-терде ешқандай апат орын алмапты. Мұндай жоба әлемде қауіпсіздігін әлдеқашан дәлелдеген. Жиынға қатысушылар шара соңында болашақтың қуаты саналатын АЭС салуды қолдайтынын жеткізді.

Мәліметпен бөлісу: