Саяси реформалар дамудың жаңа кезеңіне жол ашты

Қазіргі таңда Қазақстанда болып жатқан саяси өзгерістер қоғамның демократиялық даму үрдісіне әсер етіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары халық игілігіне бағытталып отыр. Жалпы елдегі саяси болсын, экономикалық болсын реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, адами капиталды арттыруға, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, түптеп келгенде қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатыр. 

Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртулар орын алды. Халықтың да көптен күткені  осы еді. Мемлекет басшысы былтыр халыққа арнаған жолдауында отыз жыл бойы орныққан саяси жүйені жаңғырту мақсатында, бірқатар реформалар ұсынған болатын. Реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды бес саяси науқан өткізілді. Түбегейлі өзгерістер еліміздің жаңа дәуірге қадам басуына жол ашты. Қоғамдық белсенділіктің жаңа алаңы құрылды. Сондықтан да саяси реформа елдігімізді жаңғырту үлгісіне айналды деп батыл айта аламыз.

Жаңа Қазақстанды құру үшін жасалған жалпыұлттық референдумнан кейін, іске асқан батыл реформаларды сабақты жалғасы деп білеміз. Осы реформалар әлеуметтің әлеуетін арттыруға, азаматтық қоғам мен заң үстемдігі салтанат құратын Әділетті Қазақстанның нақты қадамдары болады. Қазақстанда жүргізілген реформалардан кейін депутаттардың өкілеттігі кеңейді, қос палатаның жұмысына бірқатар өзгеріс енгізілді. Президенттің айтуынша, бұрын заң жобасын мәжіліс мақұлдап, сенат қабылдайтын. Енді заң қабылдау құзыреті мәжіліске берілді. Мәжіліс басқа да артықшылықтарға ие болды. Осылайша, жоғары өкілді орган шын мәнінде ықпалды парламентке айналды. Реформалардың нәтижесінде билік тармақтарының өзара теңгерімді байланысы қалыптасып, мемлекет пен қоғам арасында тиімді диалог жолға қойылады. Бұның бәрі мемлекеттік құрылымның жаңа моделі – Жаңа Қазақстанымызды қалыптастыруға жағдай жасайды.

Хакім Абай: «Адамның адамшылығы істі қалайша бітіргендігінен емес, қалай бастағандығынан білінеді»,- деп айтқандай, дөңгеленген дүние дүрмегінде батыл бастама оңайлықпен келмейді. Ол үшін ел басқарып отырған тұлғаға үлкен ерік-жігер мен халыққа деген шынайы сүйіспеншілік керек. Күрделі кезеңде халықтың басын біріктіретін құндылықтар әділдік, шындық және адамгершілік екені белгілі.

Сондықтан Мемлекет басшысы­ның халық бола­шағы жолындағы шешім­ді қадамдары бәрімізді әділеттікке, бірлікке, өркендеуге бастайтыны сөзсіз. Реформалар халықтың мұң–мұқтажын орындауға және еліміздің дамуына ықпал етеріне сенімдімін.

Тилемисова Уаш Ербатыровна

Бақалы ауылдық окруінің әйелдер алқасының төрайымы

Мәліметпен бөлісу: