Саяси реформалар – жаңарудың жарқын жолы


Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған саяси реформалары – елді демократияландырудың ең басты алғышарты. Ел өміріне ауадай қажет саяси шешімдердің өз кезегінде қолға алынуы өте құптарлық. Жаңа Қазақстан құрудағы ең басты өзгеріс әуелі Мемлекет басшысының өзінен басталғанын басым айту қажет. Яғни, Президенттік өкілеттілікке шамадан тыс үстемдік беруден бас тарту туралы бірқатар өзгеріс енгізілді. Жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік сектор басшысы болуына тыйым салынды. Президенттің  саяси партияға мүше болуы тоқтатылды. Мемлекет басшысының Үкіметтің, облыс, республикалық маңызы бар қала және Астана әкімдері актілерінің күшін жою немесе тоқтата тұру жөніндегі құзыреті алынып тасталды. Сондай-ақ, аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін қызметінен алу құқын жою, Конституциялық сот төрағасын және Жоғары сот кеңесі төрағасын тағайындау үшін Сенаттың келісімін алу міндеттілігі, облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін тағайындауға мәслихаттардың келісімін алуы үшін баламалы негізде кемінде екі үміткер ұсыну секілді тармақтар енгзілді. Мұның барлығы шынымен де демократиялы елге кеңінен жол ашылғанын көрсетеді. Президенттің құзіретінен заңдар мен заңдық күші бар жарлық шығару өкілеттілігі де алынып тасталды. Мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік органдарды, ұйымдарды қаржыландыру жүйесін бекіту жұмысы тікелей Үкіметке берілді. Мемлекеттік қызмет – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі кілті.
Мәселен Мемлекет  басшысының саяси реформаларын жүйелі жүзеге асыруда округ әкімдігінде барлық мелекеттік көрсетілетін қызметтер толықтай электронды форматқа көшірілді. Мемлекеттік қызметтердің барлығы қазақстандықтарға қолжетімді болуы әрі ешқандай кедергісіз жүзеге асуы тиіс. Осы мақсатта азаматтық хал актілерін тіркеудің кейбір функциялары Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүктеліп жатыр. Бұл саладағы өзгерістер халықтың уақыт және қаражат шығындарын едәуір қысқартып, мемлекеттік қызметтерді барынша сандық форматқа көшіруге мүмкіндік береді.
Әрбір салада орын алып жатқан осы секілді түбегейлі өзгерістер республиканың жаңа дәуірге қадам басуына жол ашуда. Соған сәйкес қоғамдық белсенділіктің жаңа алаңдары да құрылып жатыр. Ал, қандай кезеңде де, қандай өзгеріс болса да халықты бір арнаға тоғыстыратын бірлік, әділдік және адамгершілік екені белгілі. Президенттің алға қойған барлық саяси реформалары, оның негізінде әр салада атқарылып жатқан жұмыстар осы құндылықтар арнасында топтасып, өркендеуге қадам бастайтыны сөзсіз.

Алмас ДЮСЕМБАЕВ,
«Сарқан ауданы Қарабөгет ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің бас маманы.

Мәліметпен бөлісу: