Жуырда аудандық Ардагерлер үйінің ғимаратында «Алакөл әйелдер қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен саясаттанушы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық кеңес мүшесі Расул Жұмалымен кездесу өтті. «Саяси жаңару-тұрақтылық пен даму негізі» атауымен өткен шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Д.Каипов ашып, басқосудың мақсатына тоқталды.
Ардагерлер мен жастардың қатысуымен өткен жиында елімізге белгілі саясаттаушы Расул Берекетұлы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда жария етілген алғашқы жолдауының кейбір тұстарына жекелей тоқталды. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің алғашқы отырысы талқылаған БАҚ өкілдерінің құқықтары, әділ сайлау жүйесі, саяси партиялар және бейбіт шерулерді өткізу мәселелері тыңдармандар қызығушылығын туғызды. Мейман сондай-ақ Қазақстан қоғамындағы демократия, әлеуметтік-экономикалық мәселелер жайында пайымды пікірлерімен бөлісіп, мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясаты, көрші елдермен алыс-беріс, барыс-келіс турасында сөз өрбітті. Қазіргі Қазақстан қоғамындағы өзекті мәселелерге байланысты сауалдарға тұшымды жауап алған қатысушылар өз кезегінде ризашылықтарын білдірді. Соңында жоғарыда аты аталған қоғамдық бірлестіктің жоба жетекшісі Рита Нүсіпова өздері туралы аз-кем мағлұмат беріп, қатысушыларға таратпа материалдарын үлестірді.
Өз тілшіміз.