Кезінде Әлихан Бөкейханұлы: «Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды», деп өсиеттеп кеткен екен. Бұның барлығы Президенттің проблемаларды тұжырымдап, тиімді шешім қабылдай алу жауапкершілігіне тіреледі. Мемлекет басшысы «Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес», деп дәл тұжырым жасады. Яғни, барлық бастамалар саясаттағы маңызды проблема – конфликтіні басқара білуді оңтайлы шешуі тиіс.
Осындай келелі сараптамалар негізінде жан-жақты халықтық талқылауға мүмкіндік жасалынып, мемлекетіміздің саяси жүйесін реформалаудың құқықтық базасын жетілдіру қолға алынды. Президент 5 маусымға «Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген тұжырымдағы сауал қойылып, жалпыхалықтық референдум өткізуді жариялады. Бұл референдум – еліміздегі жинақталған проблемаларды шешуге қолдау мен қарсылық білдірушілер арасындағы бәсекенің оңтайлы шешімін табуына нақты қадам. Жалпыхалықтық таңдау арқылы мемлекеттік басқарудың шынайы демократиялығына жол ашылады деп сенеміз. Біз тәуелсіз ел ретінде халықтың атынан басқару, халық үшін басқару кезеңдерінен өттік, енді халықпен басқаруға мүмкіндігіміз артады. Бұқара халықтың билікке араласуы, саяси шешімдерге тікелей қатыса алудың құқықтық негізі нақтылана түседі. Өйткені, Конституция – біріншіден, әділеттілік, теңдік ұғымымен тығыз байланысты. Екіншіден, табиғи теңдіктің алдыңғы қатарда болуын рәсімдейді. Дегенмен, бір мәселедегі теңдік, екінші мәселеде теңсіздік тудыруы мүмкіндігіне байланысты, әрбір бап бойынша көзқарастар тартысы туындауы заңдылық. Табиғи құқықтарымызға сүйеніп бір-бірімізбен теңбіз деп санағанмен, оның нақты көрінісі Конституцияда бекітіледі. Сондықтан да референдум өткізудің өзіндік жауапкершілігін баршамыз сезінгеніміз жөн. Президент бастамаларының қоғамдық қатынастарды барынша әділеттілікке жақындатуына ашатын мүмкіндіктерін сезіне алсақ қана оң нәтижелерге жетеміз.
Амангелді ОМАРОВ,
аудандық мәслихаттың депутаты.