Сенат «Ардагерлер туралы» заңды қабылдады

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары пленарлық отырыста «Ардагерлер туралы» ҚР Заңын қарап, қабылдады.

Заң соғыс және еңбек ардагерлерінің ҚР Парламентіне, Үкімет пен Еңбекминіне жолдаған көптеген өтініштеріне байланысты әзірленді. Құжатта қолданыстағы заңнама бойынша ардагерлерге берілетін барлық жеңілдіктер мен кепілдіктер топтастырылған.

Заң шеңберінде ардагерлердің 5 әлеуметтік қорғалатын санаты анықталды: Ұлы Отан соғысының ардагерлері; басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері; жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер; еңбек ардагерлері; Заңның күші қолданылатын басқа да санаттағы адамдар.

Ауғанстандағы, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер соғыс қимылдарының ардагерлері санатына өтеді, сонымен қатар барлық қолданыстағы жеңілдіктер мен жәрдемақылар сақталады.

Басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері санатына Ауған жауынгерлерінен басқа 1992 жылдан 2001 жылға дейінгі кезеңде тәжік-ауған шекарасында ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейтуге, 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды реттеуге, Таулы Қарабахтағы этносаралық жанжалды реттеуге қатысқан адамдарды, сондай-ақ Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысқан ұлттық контингент қосылған.

Жаңадан енгізілетін санат үшін 4,8 АЕК мөлшерінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы белгіленетін болады (2020 жылы – 12 725 теңге). Арнайы мемлекеттік жәрдемақыдан басқа, аталған адамдарға Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер үшін, оның ішінде тұрғын үйге кезекке қою, салық салу, тегін медициналық қызмет көрсету, санаториялық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету және т.б. бойынша қолданыстағы барлық құқықтар мен кепілдіктер берілетін болады. Бұл 10 мыңнан астам адамға қатысты.

Сондай-ақ 1988-1989 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін 2,13 АЕК-тен (2020 жылы-5 647 теңге) 4,8 АЕК-ке дейін (2020 жылы-12 725 теңге) арттырылатын болады.

Бұдан басқа, әлеуметтік әділеттілік қағидатын қамтамасыз ету мақсатында Социалистік Еңбек Ерлері үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері қайта қаралды.

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдар үшін 138,63 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы енгізілді (2019 жылы – 350041 теңге). Бұл «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған адамдарда және өткен жылдары елдің дамуына елеулі үлес қосқан Социалистік Еңбек Ерлеріне жәрдемақы мөлшеріндегі едәуір айырмашылықтарға алып келді. Осыған байланысты Ұлы Отан соғысына қатысушылар қатарынан Социалистік Еңбек Ерлері, сондай-ақ Социалистік Еңбек Ерлері үшін жәрдемақы мөлшерін 74,65 және 9,6 АЕК – тен 138,63 АЕК-ке дейін (2020 жылы-367 508 теңге) арттырылатын болады.

Пленарлық отырыс барысында Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңды да екі оқылымда қарап, қабылдады.

Мәліметпен бөлісу: