Шаңғы базасы шақырады

Аудан аумағындағы «Теректі» тау шаңғы базасы өз жұмысын жалғастыруда.

2018 жылы ашылған шаңғы базасы жыл сайын тау спортын сүйетін жандарға таптырмайтын сүйікті орынға  айналды. Қысқы туризімді дамыту мақсатында ашылған базада ұзындығы 737 метр болатын шаңғы тебу жолы, 170 метр болатын тюбинг сырғанақ төбелер және биылғы жылы ашылған мұз айдын да бар.

– Өткен жылдың 16 желтоқсан Тәуелсіздік мерекесі күні қарсаңында ашылдық. Аудан тұрғындарының басым бөлігі демалыс күндері көп келеді. Біздің базаға кіру тегін. Бүгінгі күні демалыс аймағында 10-нан аса шаңғы, 3 сноуборд, 20-ға жуық үрлемелі балондар бар. Жоспарымызда қонақ үй, асхана, балық аулайтын аймақ ашу бар,- дейді шаңғы базасының директоры Ержан Амантайұлы.

Жеке кәсіпкердің айтуынша шаңғы базасы Теректі өзенінің жағалауында орналасқандықтан жаз мезгілінде суға шомылуға арналған бассейн салуды жобалап отырған көрінеді. Қысқы демалыс орны бүгінгі таңда 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Сондай-ақ, шаңғымен, баллонмен және конькимен сырғанау құны басқа демалыс аймақтарына қарағанда әлде қайда төмен. Сондықтан да тау шаңғы базасына желтоқсан айынан бері 300-ден аса аудан тұрғындарының келуі жұртшылықтың қысқы демалысын тиімді өткізуге деген ынта -ықыласының айғағы. 

Сарқан – Ақпарат.

Мәліметпен бөлісу: