Шағын футболдан жеңімпаздар анықталды

Сәрсенбі күні аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің, аудандық прокуратура мен пробация қызметінің ұйымдастыруымен  Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде бас бостандығынан шектеуге сотталғандар арасында шағын футболдан ауданаралық жарыс болып өтті.

Бас бостандығынан шектеуге сотталғандардың өмірге деген көзқарасын өзгерту, болашақта қайта қылмыс жасамау және әкімшілік құқық бұзбау мақсатында өткізілген шара бастауында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Құдабаев, Ақсу аудандық Пробация қызметінің аға инспекторы, әділет аға лейтенанты А.Бакиев және Сарқан аудандық Пробация қызметі бастығының міндетін атқарушы, әділет капитаны М.Еркенов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Тартысты өткен сайыс мынадай нәтижемен қорытындыланды: І орынды Ақсу аудандық пробация қызметінің командасы жеңіп алса, ІІ орынға Сарқан қаласының командасы, ІІІ орынға Сарқан ауданынан құралған команда, ІV орынға Жастар (Сарқан ауданы) командасы табан тіреді. Жекелеген жеңімпаздар арнаулы номинациялармен марапатталса, командаларға кубоктар мен мақтау қағаздары табыс етілді.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: