Шағын және орта бизнес – кез келген мемлекеттің экономикалық дамуына серпін беретін маңызды салалардың бірі. Ол елдің әл-ауқатын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың табысын көбейтуге және отандық өндірісті дамытуға зор үлес қосады. Сондықтан аталмыш салаға қолдау мен қамқорлық елдің болашағына бағытталған нақты қадам деуге болады.
Бүгінде кәсіпкерлікті қолдау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Себебі шағын және орта бизнестің дамуы экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, бәсекелестікті арттырады. Әсіресе Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз жолдауларында осынау салаға баса мән беріп келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Енді шағын және орта бизнес туралы пікірімді айтқым келеді. Қазір оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті, ал негізгі капиталға тартылған инвестициядағы үлесі 70 пайызға жақындап келе жатыр. Шағын бизнестің маңыздылығы бәрімізге белгілі, ол көптеген елде экономиканың қозғаушы күші саналады.
Бүгінде бұл саладағы кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы саудамен айналысады. Сол себепті шағын бизнес құрылымын әртараптандыруға баса мән беру қажет деп үнемі айтып жүрміз. Сонымен қатар Үкіметтің алдында орта бизнесті дамыту жөнінде арнайы жоспар әзірлеу міндеті тұр. Құжатта кәсіпорындарды ұзақмерзімді қаржыландыру әрі технологиялық тұрғыдан жаңғырту тетіктері көрсетілуі қажет. Орта бизнес өкілдерінің ірі кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеп, оларға өз өнімдерін өткізуіне жағдай жасау керек»,-деген болатын.
Әсіресе ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту маңызды. Мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жеміс-жидектерді кептіру, наубайхана, шағын өндіріс орындары мен қызмет көрсету салалары – ауыл экономикасын жандандыратын тиімді бағыттар. Бұл жергілікті жерлерде жаңа кәсіптердің ашылуына, ауыл тұрғындарының өз ісін бастап, тұрақты табыс табуына мүмкіндік береді.
Кәсіп ашуға ниетті азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар аясында түрлі қолдау тетіктері ұсынылуда. Қаржылай көмек, қайтарымсыз, жеңілдетілген несие, оқыту және кәсіпкерлікке бағытталған кеңестер жаңа бастамалардың жүзеге асуына жол ашады.
Әрине, кәсіпкерлік – тек табыс көзі емес, ол үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін еңбек. Өз ісін дөңгелеткен әрбір кәсіпкер ел экономикасына үлес қосып, қоғамның дамуына ықпал етеді.
Сондықтан шағын және орта бизнесті қолдау мен дамыту – экономиканы нығайтудың, халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың және жарқын болашаққа бастайтын маңызды қадамның бірі.
Ғ. РАХМЕТҚАЛИЕВ,
«Ғалым» ШҚ басшысы.
