Сарқан өңірінде тілге тиек етер оңды өзгерістер көп. Күрделі жөндеу көріп жаңғырып, еңсе тіктеген, жаңадан салынып ауыл ажарын айшықтаған әлеуметтік нысандар көп қуанышын еселеуде. Жақында Сарқан қаласы «Аэродром» ықшамауданында сап түзеген сәнді үйлердің қатарын 10 жалгерлік тұрғын үйлер толықтырды.
Баспаналы болып тағдырдың тағы бір тауқыметінен құтылған жандардың қуанышын аудан әкімі Ерғазы Қошанбекұлы бөлісіп, салтанатты жағдайда үй кілттерін табыс етті. Көп жылғы кезегін күткендердің қатарында қоғамның көмекке мұқтаж топтары жетімдер, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, үйлері апатты жағдайдағы жандар, Ауған соғысының ардагерлері, сондай-ақ дәрігерлер бар. Өңір басшысы Рүстем Мүкреев, Майра Тұрсынова, Айгүл Исахановалардың шаңырақтарына бас сұғып, хал-жағдайларына қа-нықты. Ұзақ жылғы үміттері ақталып, меншікті баспаналы болғандар қамқорлық көрсет-кен өңір басшыларына шынайы алғыстарын ақтарды. Қоныс құтты болсын айтысқан қызметтестер, дос-жаран, туған-туысқандардың риясыз пейілі әр үйді берекеге толтырды. Әрқайсысы 70 шаршы метрлік 10 үйге қажетті инфрақұрылымдары толығымен тартылған. Жалпы 66 млн. 335 мың теңгеге қабырғасы көтеріліп, 35 млн. 535 мың теңгеге инженерлік-коммуникациялық жүйесі тартылған тұрғын үйлердің құрылысын «Асыл-тау» ЖШС жүргізген.
П.ЖЕҢІСХАН.