Шетелде діни білім алудың қаупі қандай?


Қазіргі таңда шетелдерде білім алу қазақ жастары үшін қолжетімді жағдайға айналған. Тіпті, екінің бірі мектеп бітіре салысымен шетелге барып білім алып жатқандықтан, бұл жағдай ешкімді де таңқалдырмайтын болды. Сол себептен де кейінгі кезде қалаған елінде, қалаған мамандығында оқып, ой-өрісі мен дүниетанымын кеңейтіп жүрген білімгерлердің қарасы қалың. Бүгінде кей елдерде шетелдік студенттерді тарту мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылса, Қазақстан да көптеген алыс-жақын шетелдермен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу ісін жолға қойған.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары шет мемлекеттерде білім алу мүмкіндігі туындай бастады. Осы ретте көптеген мамандық түрлерімен қатар діни білім алу үшін де сұраныс артып, біршама жас араб елдеріне аттанды. Дегенмен, ол уақытта кейбір елдерде әр түрлі деструктивті діни идеялогиялардың кең таралғандығын және онда діни ағымдардың ықпалына ұшырау мүмкіндігі жоғары екендігін білмеді. Осылайша атеистік кезеңнен босаған қазақ жұртшылығына дін еркіндігі берілген кезде қазақ жастары үшін тура жол мен теріс идеялогияларды ажырату мүмкін емес еді.

Сол себепті де араб елдеріне діни білім алуға аттанған жастарымыз ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүр, әдет-ғұрып, таным-түсінігімізге қарама-қайшы теріс бағыттағы идеялогияны меңгеріп, кереғар көзқараспен елге оралды немесе сол елдерде біржолата қалып қойды. Міне, осыдан кейін шетелден білім емес теріс түсінік алып қайтқан жастар біздің қоғамда өз көзқарастарын ашық білдіріп, елімізде діни ахуалды түбегейлі өзгертіп жіберді. Тіпті, қарапайым қазақ отбасында бір дастархан басында бастары қосылмай, бауырын «кәпір», анасының тамағын «харам» деп, салт-дәстүрді теріске шығарып жүрген өздерін «діни сауатты» санайтын жастар көбейді.

Соңғы жылдары мемлекетіміз өз елімізде діни мамандар дайындау бойынша бірқатар жұмыстар атқаруда. Осы бағытта, жастардың шетелдік күмәнді діни оқу орындарына түсіп, санасының улануның алдын-алу және діни экстремистік идеялардың  таралуына тосқауыл қою мақсатында сапалы дін мамандарын даярлайтын бірқатар отандық діни оқу орындары ашылды.

2018 жылы дін саласына қатысты бірнеше заң жобаларын өзгертулер мен толықтырылулар енгізу көзделген болатын. Осы өзгерістердің бір осы шетелдерде діни білім алуға шектеу қою мәселесі. Бұл заң жобасында шетелде діни білім алуды толықтай тыю емес, керісінше зайырлы білім беретін бағыты басымырақ, қазақ халқының діни ұстанымы ханафилік-матуридилік бағытқа сәйкес келетін, әлемдік діни қауымдастықта мойындалған діни оқу орындарынан білім алу көзделген. Сонымен қатар алғашқы діни білімін (яғни бакалавр) қазақстандық оқу орындарында алған болуы тиіс. Міне осындай талаптардан кейін ғана діни білім іздеген азамат Ресей, Түркия, Малайзия, Египет және Өзбекстан елдерінде діни білімін жоғарылата алады.

ҚР ДІАҚМ (қазіргі АҚДМ) Дін істері комитетінің 2014 жылғы шешіміне сәйкес ел азаматтары үшін білім алуға лайықты, дипломы Қазақстан аумағында жарамды деп танылған 10 шетелдік ЖОО тізімі жарияланған. Олар: 

1.    «ӘлАзһар» университеті-Египет Араб Республикасы, Каир қаласы.

2.    Стамбұл университеті-Түркия Республикасы, Стамбұл қаласы.

3.    Мәрмара университеті-Түркия Республикасы, Стамбұл қаласы.

4.    Анкара университеті-Түркия Республикасы, Анкара қаласы.

5.    Селжұқ университеті-Түркия Республикасы, Қония қаласы.

6.    Хасеки институты- Түркия Республикасы, Стамбұл қаласы.

7.    Ташкент ислам университеті-Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласы.

8.    Ресей ислам  институты-Ресей Федерациясы, Татарстан Республикасы, Қазан қаласы.

9.    Мәскеу ислам университеті-Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласы.

10.    Малазия халықаралық ислам университеті Малазия Республикасы, Куала-Лумпур қаласында орналасқан.

Десек те, қазіргі таңда елімізде діни білім беретін исламдық бағыттағы 6 медресе, 3 медресе-колледж деңгейіндегі арнайы орта білім беру орындары мен «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеттері «дінтану», «исламтану», «теология» мамандықтары бойынша кадрлар даярлауда.

Қорыта айтқанда, өз елімізде де білікті мамандар дайындайтын жоғары оқу орындары жеткілікті әрі болашағын дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге арнаған қазіргі жастарға өз Отанында кәсіби білім алудың барлық мүмкіндіктері жасалған. Сондықтан жастарымыздың бастапқы діни білімді яғни, бакалаврлық базалық білімді шет елдердің діни білім орталықтарында емес, өзіміздің отандық оқу орындарында алғаны абзал. 

Лина АЙДЫН,

«Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының» 

қоғаммен байланыс маманы.

Мәліметпен бөлісу: