Шипалы бұлақ – Тамшыбұлақ

Тарихы сырға, қойнауы гүлге толы Жетісудың құтты мекендерінің бірі – Қапал өңірі деп суреттесек те артық емес. Қапал – Арасан деген дүйім жұртқа аты әйгілі аймақта Шоқан Уәлихановтың ізі қалып, П.П. Семенов-Тянь-Шанский, Н.А.Абрамов, А.Ф.Голубев, А.Н. Гейне сияқты зиялылардың еңбектеріне арқау болды. Сонымен бірге, Қапал тарихы Қапал батыр, Тәнеке батыр, Ақын Сара сияқты ұлы тұлғалардың өмірімен сабақтас келеді. Қазақстанның бұл қазынасы ағылшын тарихшысы Т.Аткинсонның еңбектерінде бейнеленді. Қапал десе, «Қапал-Арасан» шипажайы мен аңызға айналған Тамшыбұлағы еске түседі.

 

Мектебіміз білімге ғана емес, жан-дүниеміз бен рухани байлығымыздың дамуына үлкен үлес қосуда. Демалыстарымызды қызық қана емес, сонымен қатар пайдалы өтуіне көмектеседі. Оған мысал ретінде, біздің жоғарыда суреттелген шипалы бұлаққа барған саяхатымызды айтар едік. Биылғы жылы I тоқсан жаңа жүйеге үйренісумен күрделене басталды. Осы жолда К.Қазыбаев атындағы орта мектеп оқушылары ұстаздарының қолдауымен мақтана аламыз. Себебі біз осы тоқсандық демалыста мектеп пен ұстаздардың ұйымдастыруымен кішігірім, бірақ қызыққа толы тарихи жерге саяхат жасадық. Саяхат барлығының есінде жақсы, әрі танымды естеліктерімен мәңгілікке сақталмақ. Ол жердің сұлулығы байырғы қазақ қызындай қарапайым да әсем, саф таза ауасы бір жұтқанда өне бойыңа қазақтың батыр серілерінің күшін дарытардай, ал ең бастысы Тамшыбұлақтың мөлдір таза суы денеңді бар кемшілігінен босатқандай әсер қалдырды. Таудан тамшылаған бұл шипалы су пайда болғалы талайлардың дерттеріне ем болған. Шынымен-ақ солай екен. Ішкен адамға ерекше бір тазалығымен, мөлдірлігімен, оған қоса ағзаға барлық жағынан жасарып, жақсы жұмыс істеуіне қосымша бір күш береді екен. Біз онда барар алдында ерекше мәліметтер оқып,сол жерге қатысты танымды аңыздармен танысқан едік. Олардың бірінің мазмұны бойынша бұл тамшылар сонау замандағы қосылмай, арманда кеткен қос ғашықтың төгілген көз жасы екен. Расымен де, қарап тұрсақ бұл маңда тылсым бір қасиет бардай. Тастың астынан сол бір ғашықтардың көз жасы моншақтап төгіліп тұрған сияқты көрінеді, ол судың мөлдірлігі осы ғашықтардың пәк сезіміндей таза, алайда оларға көз жасын төксе де еш пайдасы болмаған еді. Ал, бұл судың қасиетін көптеген химиктер зерттеп, пайдасының орасан мол екенін тапқан. Бұл судың тамшылары әр түрлі дерттерге шипа болады. Қазіргі таңда бұл бұлаққа жердің түкпір-түкпірінен саяхатшылар келуде. Біз өз жерімізде осындай бұлақ барын бәріне айтып мақтана аламыз. Мұндай ғажап жерде ұлы тұлғалар да көп болуы заңдылық. Біз саяхатымызды сол ұлылардың бірі — айтыскер, күйші апамыз Сара Тастанбекқызының мемориалды мұражайымен танысумен жалғастырдық. Ақын Сара апамыз жайлы білімімізді тереңдете түстік. Мұражайдың ішінде ақын апамыз өмір сүрген заманды бейнелейтін заттар көптеп шоғырланған екен. Жалпы алғанда, біздің бұл саяхатымыз өте тамаша болды! Біз балалық шағымыздың ұмытылмас жарқын сәттері үшін К.Қазыбаев орта мектебінің білгірлігі мен балаға деген көңілі жоғары ұстаздарымызға үлкен алғыс айтамыз! Ал, осы бір Жетісудың киелі суынан дәм татпағандарға шипалы бұлақтың шипасын сезінуді ұсынамыз!

Арай ТОҚТАРБЕК,
К.Қазыбаев атындағы мектептің
10-сынып оқушысы.

Мәліметпен бөлісу: