
Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде шағын көлемді кемелерді бақылау және қадағалау, сондай-ақ шомылу маусымындағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Жетісу облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Бағдат Тыныбек пен төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Елдар Турсунов қатысып, өңірдегі су айдындарындағы ахуал мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Жаз мезгілі басталысымен өзен-көл жағасына ағылатын демалушылар саны артады. Табиғат аясындағы тынығу әркімге қуаныш сыйлағанымен, қауіпсіздік талаптары сақталмаған жағдайда оның соңы қайғылы оқиғаларға ұласуы мүмкін. Сондықтан су айдындарындағы тәртіп пен сақтық мәселесі үнемі ерекше назарда.
Брифинг барысында жарияланған мәліметтерге сәйкес, өткен жылғы шомылу маусымында облыс аумағында суға кетудің 5 дерегі тіркелген. Оның екеуі бала өмірін қиған. Сонымен қатар құтқарушылар 36 адамды ажалдан арашалап қалған. Құтқарылғандардың 13-і – балалар.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қайғылы жағдайлардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын елемеуден туындайтынын атап өтті. Өткен жылы су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 51 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Салынған айыппұлдардың жалпы көлемі 733 мың теңгеге жеткен.
– Судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесі өзекті күйінде қалуда.. Сондықтан тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуге басымдық берілуде, – деді Елдар Жеңісбекұлы.
Шомылу маусымына дайындық жұмыстары биыл ерте басталған. Сәуір айында облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысы өткізіп, өңір әкімдіктеріне нақты тапсырмалар жүктелген.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар қызметкерлері полицейлерімен, жергілікті атқарушы органдармен және еріктілермен бірлесіп 68 рейд пен патрульдік іс-шара ұйымдастырған. Нәтижесінде тұрғындарға 1545 ақпараттық жадынама таратылып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Бүгінде облыс аумағындағы қауіпті учаскелерде 190 тыйым салу белгісі орнатылған. Оның ішінде Талдықорғанда – 18, Текеліде – 10, Алакөлде – 25, Сарқанда – 15, Көксуда– 15, Панфиловта – 11 белгі қойылған.
Су айдындарындағы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін облыстық жедел-құтқару жасағы толық дайындықта. Қызмет қарамағында 33 жүзу құралы бар. Олардың қатарында катерлер, темір қайықтар, ескекті және үрлемелі қайықтар жұмысқа әзірленген. Сонымен бірге 45 бірлік сүңгуірлік және құтқару жабдықтары пайдалануға дайын.
Жергілікті бюджет есебінен 50 құтқару жилеті сатып алынған. Алдағы уақытта қосымша 6 үрлемелі қайық алу жоспарланып отыр.
Жаз мезгілінде туристер көп шоғырланатын Алакөл жағалауындағы қауіпсіздік мәселесі де басты назарда. Қазіргі таңда жоспарланған 31 құтқару мұнарасының 25-і орнатылып, қалқыма қоршаулар мен пирстер жабдықталуда. Бұл шаралар демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Балалардың жазғы демалысына арналған сауықтыру орындары да ерекше бақылауға алынған. Алакөл жағалауындағы «Жалын», «Жансая» және «Шағала» лагерьлерінде құтқарушылардың тұрақты кезекшілігі ұйымдастырылып, қосымша қауіпсіздік шаралары енгізілген.
Брифингте туристік нысан иелерінің жауапкершілігі де сөз болды. Осыған байланысты Ақши мен Көктұма ауылдарындағы кәсіпкерлермен арнайы кездесу өткізіліп, судағы қауіпсіздік талаптары мен төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары жан-жақты түсіндірілген.
Дегенмен мамандар шешімін күткен мәселелердің де бар екенін жасырмады. Атап айтқанда, Алакөл және Сарқан аудандарында қоғамдық құтқарушыларды даярлау жұмыстары жеткіліксіз деңгейде жүргізілуде. Бұл жағдай шомылу маусымындағы қауіпсіздікке кері әсер етуі мүмкін.
– Су айдындарындағы қауіпсіздік әр азаматтың жауапкершілігін талап етеді. Тек құтқарушылардың күшіне сеніп отыру жеткіліксіз. Әр адам белгіленген талаптарды сақтағанда ғана қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады. Жалпы шомылу маусымына дайындық жұмыстары департаменттің тұрақты бақылауында, – деді Елдар Жеңісбекұлы.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
