Шыңғай би жайлы шындық

Жер мәйегі Жетісудың Сарқан ауданына қарасты Қысқаш тауының баурайында орналасқан Көктерек ауылы –  есімдері ел  есінде қалып,  өздері аңызға айналған, қаншама тарихи тұлғалардың мекені. Соңғы жылдары осы бір керемет елді мекеннің  тарихына жаңаша  көзқарас қалыптасып,  арыстай азаматтары мен тұғырлы тұлғалары  түгенделіп, олар жайлы кітаптар жарық көріп, зерттеулер жүргізіліп жатқанын игі істер бастамасы  деп қабылдаған жөн шығар.

Көктерек ауылының атырабы тарихи жерлер мен ескерткіштерге,  әдемі күмбездер мен жұмбағын бауырына басып жатқан түрлі қорымдарға толы.  Осы ауылдан   Лепсі – Сарат тас жолы арқылы шығысқа қарай сапар шексеңіз,  жиырма  шақырымнан соң, сол жақ беттегі құла дала, құба жонның баурайынан тұзға айналған сор жерлер мен көз ұшында сағымы ойнап, бұлдыраған кішкене көлге көзіңіз түсері анық.  Сол сортаңның  биіктеу бір тұсында жарты қабырғасы ғана қалқайып тұрған көлемді мазар кез келген жолаушының назарын өзіне аударары хақ.

Бұл  кезінде осы өлкеде беделі жүріп, абыройы асқақтаған, шаруашылығы шалқып, есімі дүйім елге белгілі болған Құныс ұлы Шыңғай бидің мәңгілік тұрақ тапқан мазары.

Бұрын өткен шежіре қарттар мен бүгінгі көзі тірі ұрпақтарының дерегі бойынша, Шыңғай  би Қысқаш-Садыр болыстығына қарасты  Қанжыға бұлақ маңайында 1860 жылдары  дүние есігін ашқан. Ол өз  заманында  Қысқаш тауының төңірегінде мекен еткен ағайынның  ішінде билік айтып, ел басқарып, алғашқылардың бірі болып, тұз өндіретін кәсіп құрып, мал шаруашылығын  маусымына орай, оңтайлы жүргізге білген азамат. 

Қырыққұдық – Мәмбетбай алабындағы Нұрқасым деген жерге ағайын – жұртының  малдарын қыстатып, көктем кезінде Әлмен мен Қанжыға бұлақта   егіншілікті дамытып, тарыдан мол өнім алуға мұрындық болыпты.  Сонымен қатар, өзі жағасын мекендеген көлден ас тұзы мен малға қажет «қаратікен» тұзды шахталық әдіспен өндіріп, оны Лепсі уезінің таулы аймақтарындағы елге  жеткізіп, еркін сауда – саттық жасап, ол жақтан астық пен  керек дүниелеріне  айырбас жасап, кәсіпкерлікпен айналысқан.

Көктерек ауылында өмір сүрген, Шыңғай бидің жақын аталас бауыры Аманбаев Құдайберген ақсақал: «Көзіміз көріп, соңынан ерген Шыңғай ағамыздың би аталатын себебі, сол төңіректегі ағайынына ақыл айтып, көмек көрсетіп, әділ билік жүргізді. Өзі де сом  денелі, көк көзді, тегеуірінді, өктем жан еді.  Беделі ағайыннан асып, айналаға жайылды, ел басқарып, жөн сілтеді.

Қиын-қыстау кездерде ел ырыздығына айналған тұз кенін Шыңғай би уақытында екі мықты айғырдың үйірін беріп, сатып алған көрінеді. Бұл көлдің маңайындағы балшықтың түрлі ауруларға ем екенін білуімен және пайдалануымен қатар, Шыңғай осы маңайдағы «ермен» деген өсімдік піскен кезде, оны жинатып, құрғатып дәрі жасатқан. Оны негізінен, жазы тым ыстық осы өлкеде асқазан мен іш ауруларына, тамаққа тәбет ашуға, аяқ астынан дене құрысып, қалтырап діріл пайда болғанда,  бауыр мен көкбауыр ауырғанда және суық тигенде қолданған секілді. Ертеде бабаларымыз, осы ерменнің  қоюлау тұнбасын малдың ішіндегі  құрттарды жою үшін және  олардың күйіс қайыруы бәсеңдесе ұнтағын ұнға, тұзға, суға араластырып беретін болған»,-деп кейінгі ұрпағына естелік қалдырған екен.

Көктерек ауылының көпті көрген  ақсақалы Сабитов Ташболат 2020 жылы жарық көрген «Көктерегім-көктегенім» атты кітабында Шыңғай тұзы жайлы: «Бұлардың сыртында «Шыңғайдың» ас тұзы және малға беретін сор тұзы бар. Сор тұзы ашық, ойып ала бересің, ал ас тұзы жердің астында. Оның бұрынғы уақытта қазып алатын орнын Аманбаев Орынтайдың әкесі Аманбаев Құдайберген ақсақал біледі екен. Сол жерді баласына әне көрсетемін, міне көрсетемін деп жүріп, ыңғайын келтіре алмапты. Бұл малға өте қажетті минерал тұзды Кеңес үкіметі құлағаннан кейін,  бүгінге дейін Қабанбай өңірі, Алакөл мен Сарқан аудандарының мал шаруашылығын кәсіп еткен адамдары қысы-жазы малдарына беріп келе жатыр. Табиғаттың бір «сұрауы жоқ» ырзығы» деген дерек келтіреді.

Ел аузында, Көктеректе ғұмыр кешкен атақты Сары үйсін руынан шыққан Алтай (Алтыбай) бай да кезінде осы тұзды жан жаққа саудалап, содан байыпты деген әңгіме бар.

Шыңғай атамыз Аягөз сыртқы округінен  көшпелі ағайынның  тіршілігіне қажет әрі зәру болып есептелінетін тұтыну заттарын алдырып отырған. Жоңғар Алатауының етегінен, Лепсі уезінің таулы ауылдарынан  Аягөз бен Лепсіге ағылған саудагер,  керуеншілер мен кірешілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, өзі «сарыауыз» винтовкамен қаруланып, маңайындағы жас жігіттерге шиті мылтықтар сатып әперіп, өз деңгейінде шағын әскери күзет ұйымдастырған. Елінің қамын ойлаған азамат, ерекше көрегендігімен, дүниетанымының кеңдігімен, сауданы сауатты жүргізуімен айналасына танылып, ерекше құрметке бөленген.

Ол кісі ағайыны мен маңайына  топтасқан  жұртын түрлі жұмыстармен  қамтып, қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отырған. Осы маңды мекендеген Садырдан тарайтын Анда руының ішіндегі Айдар елінің (аталарын құрметтеген келіндері, олардың атын атамай,  «Төбешаш» деп кеткен)  азаматтары шетінен  бақуатты, мал-жанды  болғанға ұқсайды.

Көктеректе  ертеректе өмір сүрген жандарға  «Айдарлардың алтыны» деген сөз тіркесі етене таныс, бұл жай айтылған әңгіме  болмаса керек, себебі жаз шыға жайлауға көшкен кезде, олардың малының алды Суықты-Сарымсақтыға жеткенде, арты Кесік кұмынан енді шығып жататын көрінеді. Бұл елдің адамдары жүктерін көш түйелеріне артқанда, қызыл қырғауылдың қауырсынымен, алтайы түлкінің терісімен, масатыдай құлпырған жібек кілеммен бастырып, бәйбішелері кимешектерін безендіріп, кыз-келіншектері асыл тастарын тағынып, тайпалған жорға мініп, жігіттері  сәйгүліктерінің ер-тұрманын күмістеп, ерекше бір сән-салтанатпен  көшеді екен.

Шыңғай би кезінде аталас ағайыны  Мұхамадиді  Меккеге қажылыққа аттандыруға барынша қолдау көрсетіп, ауылындағы балалардың төте жазумен танысып, сауатын ашуына үлкен  ықпал жасаған. Қанапия деген бауырын Қапал уезіне тері-былғары илеп, ат әбзелдерін,  етік тігу шеберлігін үйренуге жібереді. Кейін сол жігіт қолөнер шеберлігіне ауылдағы өз шәкірттерін баулыған. 

Шыңғай атамыз  өлкенің намысын қорғайтын палуандарға қамқорлық жасауымен  қатар, бәйге аттарды баптауды ерекше ұнатқан. Өзінің мінетін әрі  бәйгеге шабатын сәйгүлігін арнайы жеке киіз үй тіктіріп, сонда  ұстаған көрінеді.

Ресейдегі  ақ патша өкіметінің  1914 жылғы бірінші дүниежүзілік империалистік соғысқа қатысып, сол үшін қазақ жастарын  майдандағы тыл жұмыстарына  алу жөніндегі 1916 жылғы 25 маусымдағы  жарлығы ұлан-ғайыр Қазақстанның көп  жерлерінде көтеріліс тудыруға әкеп соқты. Торғай даласында 1916 жылы  Амангелді Иманов бастаған ереуілдің ұшқыны Жетісуға жетіп, Бекболат Әшекеев Верныйдың маңайында ел толқуын басқарады, атақты Қарқара көтерілісі осы Жетісу жеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстың орталығына айналды.

Мұндай көтеріліс Лепсі уезінде де орын алып,  қазақтар Саратовка бекінісіне орналасқан патша әскерлеріне шабуыл жасайды. Өз руынан  тегеуірінді  жасақ құраған Шыңғай   туын желбіретіп,  қасиетті Құран кітабын қойнына басып, осы шабуылға тікелей  қатысқан. Қаптаған орыс-казак әскерлерінің алдынан от қойып, даланы түтінге орап, оларды есінен тандырған.

Алайда, мұздай қаруланған орыс  әскерлеріне  әлдері жетпеген қазақтар жеңіліс тауып, көбі қырдағы құмға қашып, Балқаш көлінің жағасындағы қалың қамысқа тығылып, қалғандары  тұтқынға алынады. Оларға ақ патша жендеттері үкім шығарып, әртүрлі мерзімдерге соттап, көбін Сібірге «итжеккенге» айдаған. Шыңғай атамыздың барлық мал-мүлкі  тәркіленгенімен, бәлкім, жасының ұлғайғанына орай болар, өзіне рахымшылық жасалып, еліне қайтарылған. Осы бір алмағайып кезеңдегі қанды оқиғалар жайлы  тарихи құжаттар мен деректер Алматы қаласындағы  ҚР Орталық мемлекеттік архивінде Семиречье облысы, Лепсі уездіне қатысты қорларда көптеп кездеседі.

Өзі өмірден өтерінің алдында Шыңғай би ағайын-туысын жинап: «мен бір айдан соң, кешқұрым көз байлана, мына  пәни дүниемен қош айтысып, араздасамын. Жаназама жиналғандарға алпыс үй тігіп, ойдағы-қырдағы ағайын-туысым, дос-жараныма хабар беріп, атақтап ас беріп, мына төбенің басына жерлеңдер!» – деген өсиет айтқан көрінеді. Көпшілік қартайған бидің бұл сөзіне онша илана қоймағанымен,  атамыз дәл өзі  айтқан мерзімінде өмірден өткен.  Бұл да болса, Шыңғай атамыздың аузы дуалы, ел арасында керемет беделді болғанын байқатады.

…Туған ел – әрбір азаматтың киелі бақ мекені. Кез келген адам баласы  өніп-өскен жерінің торқалы топырағын басып, жұпар ауасын жұтып, кәусар суына қанып, кіндік қаны тамған  жерінің, түлеген елінің қадір-қасиетін ерекше сезініп өседі. Бөрлітөбе өңірі Балқаш көлін жағалай орналасу себепті, бұл маңайда емдік қасиеті бар тұзды көлдер жетерлік.

Соңғы жылдары ішкі туризмнің нысанына айналып, жаз шықса, Қазақстанның түкпір-түкпірінен  емделушілер мен туристер ағылып  жататын Құрақсудағы «Рай көлі» соның айғағы. Дәл осы «Рай көлінен» қалыспайтын бальнеологиялық қасиеті бар су мен балшықтың Көктерек елді мекенінің түбінде  орналасқандығын бүгінде біреулер білсе, біреулері білмейді.

Тұзды көлдер емдік-шипалық қасиетімен, ауруға дауа болуымен пайдалы, міне сондай  жерлердің бірі  – Шыңғай тұзды көлі. Ол Көктерек ауылының шығысындағы 51-ші шақырымнан кейінгі  шағыл  құмдар мен сортаң жерлердің арасында орналасқан. Көлемі он гектардай жерді  құрайды, маңында аласа қамыс, қияқ, ши, изен мен жусан сияқты шөптері өседі. Көлдің тереңдігі 0,5-1 метр,  су  тым тұзды болғандықтан, түскен адам батпайды. 

Әлемдік туризмнің інжу-маржанына  айналған Израильдегі Өлі теңіз керемет шипалы тұзды суымен, емдік балшығымен  ерекшеленеді. Ол жерде дем алушылар, суға түскенімен, оған батпай, теңіз бетінде қалықтап жүзіп жүреді. Мұндай  қасиет  Шыңғай көлінің суында да бар. 

Аталмыш  Шыңғай тұзды көлінің емдік қасиетін білетіндер, шілденің  басынан осылай қарай ағыла бастайды. Науқастар бұл жерде тұзды суға түсіп, емдік балшығына оранып, тері, буын ауруларына ем қабылдайды. Алайда, жүрек-қан тамырлары ауруы барларға, аяғы ауыр  әйелдерге, қатерлі ісікпен ауыратындарға  балшықпен емделуге болмайды.

Өлкеміздегі осындай қасиетті жер, яғни тұзды  көл, жағасында өзі мекен етіп, еліне жақсылық жасаудан аянбаған Шыңғайдың есімімен аталған.  Сонау қиын-қыстау қилы заманда елінің қамын ойлап, атамекенін қастерлеп өткен   бабамыз 1930 жылдардың басында қартайып, 70 жастан асып барып, сүзек ауруынан қайтыс болған соң, сүйегі  осы  көлдің жиегіне  жерленген.

Тұлпар ізін тай басып, Шыңғай атамыздың артында 1922 жылы өмірге келген қызы Бибінұр мен ұлы  қалды. Сол кезеңдегі бүкіл қазақтардың басына ажал мен ауыртпашылық болып төнген ашаршылық пен нәубет жылдары Шыңғай бидің өзі мен ұрпақтарын да аямады. Ата-анадан ерте айырылған қос жетім Бақалыдағы жетімдер үйіне өткізіліп,  бидің жалғыз ұлы жас кезінде, сол жерде өмірден өтеді.

Тағдыр тауқыметін көп тартқан текті атаның тұяғы  Бибінұр апайымыз Панфилов қаласындағы педагогикалық училищені аяқтаған соң, ұзақ жылдар бойы ұстаздықпен айналысты, Қазақ радиосында диктор болып еңбек етті. Ер жетіп,  тұрмысқа шыққан соң, өмірге Ботагөз бен Қайрат есімді ұрпақ әкеліп, оларға  өнегелі тәрбие, білікті  білім бере білді.

 Шыңғай бабаның үлкен жиені Ботагөз 1954 жылы өмірге келген.  С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономикалық факультетін тәмамдап, аспирантураны бітірген соң, философиядан кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Белгілі ғалым Ботагөз Құдайбергенқызы одан соң әр жылдары Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ политехникалық институты мен өзі оқыған университетте доцент лауазымында дәріс оқыды. Бүгінгі күні құрметті демалыстағы зейнеткер.

Шыңғай бидің екінші жиен немересі Абдрахманов Қайрат Құдайбергенұлы шетел мен елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, кәсіби дипломат. Көп жылдар бойы ҚР Сыртқы істер министрлігінде жауапты қызметтерде болды. Израиль мемлекетінде, Австрия Республикасында, Словенияда Қазақстан Республикасының  Төтенше және Өкілетті елшісі болды. 2013-2016 жылдары еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілі лауазымды қызметін  өткерді.

2016-2018 жылдары Қазақстан Республикасының  Сыртқы істер министрі қызметін атқарып,  мемлекетіміздің көп векторлы сындарлы сыртқы саясатын ұтымды жалғастырды. Әлемдік дипломатияның қыр-сырын жетік меңгерген, белгілі маман Қайрат Құдайбергенұлы 2020 жылдың желтоқсанына дейін  Қазақстанның Швеция Корольдігімен қоса,  Дания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін  табысты жалғастырды.

 Бүгінде белгілі дипломат  Солтүстік Америка, Европа мен Орталық Азияда орналасқан  57 мемлекеттің қауіпсіздігімен айналысатын  Европадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық  ұйымының (ОБСЕ)  ұлттық азшылықтар жөніндегі Жоғарғы комиссары лауазымында еңбек етіп, Қазақстанды жер жаһанға танытуда.

Қазіргі таңда  Көктерек ауылы  және Алматы облысында  Шыңғай бабаның   аталас туыстары Тәңірберген, Құдайберген, Нартбай, Қанапия, Темірхан, Мұқамбай, Естай, Қалимолда, Қоңқабайдан тараған  ұрпақтар өсіп-өркендеп, халық шаруашылығының түрлі салаларында жемісті еңбек етуде.

… Кезінде туған халқы мен жері үшін аямай тер төккен аяулы азамат Шыңғайдың басына тұрғызылған зират бұл күнде табиғат құбылыстарының әсерінен әбден тозып, мүжіліп  құлап,  төбе болып қана қалқайып қалған. Бір ғасырға шыдас берген  атақты атамыздың мәңгілік мекені қайта жаңарту мен жаңғыртуды талап ететіндей. 

Тұзды көл басына ем алуға, Шыңғай  мазарына тәу етуге  келетін азаматтар үшін жол сілтегіштер  орнату,  белгі қою  бұрыннан ұрпақтарының  ойында жүрген дүние еді. Соның сәті жақында түсіп,  бидің артында қалған Европа мен елде тұратын ұрпақтары мен туыстары Абдрахманов, Аманбаев, Іңкәрбаев, Нартбаев  отбасылары баба мазарын қоршап, басына ескерткіш тақта орнатуы – үлкен игілікті істердің басталғанын білдіретіндей…  

Күллі  көктеректіктердің есінде қалып, мақтанышына айналған  Шыңғай бидің  ғибратты ғұмырының біз білетін  үзік сырлары осындай.

Есенай Іңкәрбаев,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Саясаттану және саяси технологиялар»  кафедрасының доценті, саясат ғылымдарының кандидаты.

Мәліметпен бөлісу: