Әсіре діншілдіктің азабы ауыр

Хакім Абай  Ахмет Риза медресесінен білім алып, ауылға оралғанда қажы Құнанбай не үйреніп келгенін сұрайды. Сонда бала Абай «Фатиха мен Ықыласты» меңгергенін айтып, сөзін қысқа қайырады. Сонда болыс ұлының жауабына риза болып, ары сөзге тартпайды. Жарықтық, әжем 6-сынып оқып жүргенімде мешітке қуатын. Сондағы «қазір Құран жаттап ал, кейін кеуден піскенде жүрегіне қонбайды» дегені екен. Білімсіз дінге кірсеңіз, балшыққа батасыз. Әсіре діншілдіктің азабы ауыр.

          Осыдан оншақты жыл бұрын ауыл-ауылдарды түрлі дін өкілдері аралайтын. Олар қазақ балаларына тәтті беріп, қолына бір кітап ұстатып кетеді. Сөйтсек онысы сектаға қатысы бар құрал екен. Ауыл имамына айтқанымызда, бірден отқа өртеп жіберуді тапсырды. Дінде мәжбүрлік жоқ, біздің бабатаным хақ дініміз Исламды жанына серік еткен. Сыйынар Тәңірі – бір Алла, әруақты да құрметтеген.

          Дегенмен қазір уақыттың бет бейнесі өзгерді. Әсіре дінге ұрынып, ұлттың құндылықтарын мансұқтайтын топтар пайда болды. Олар өз қатесін мойындамайды, қайта күшпен болмаса өмір сүру тәсілдерімен елдің арасына іріткі салады. «Дүмше молда дін бұзар» деп түйсінген дана халқымыз әр істі ақылмен бағамдап отырған. Онысы ұлттық болмысына сызат түсірмеу. Қазақ даласында қадым замандарда әсіре дін ұстап, ұшқары кеткен ешкімнің атын естімедік. Бір анығы, өмірін өнегеге толтырған Мұхаммед (с.ғ.с) үмметіміз деп өмір кешіп, дін мәселесінде де сабырлы, салмақты болғаны. Олай дейтініміз қазақ даласын осыған дейін «діни алауыздық болыпты» деген сыбыстың елесі кезбеген. Адамдар дін ұстануды өмірдің өзіндей қабылдап, салт-дәстүрі мен мәдениетіне айналдырып үргірген еді.

          Осы ретте қасиетті Құрандағы аяттарға назар салайықшы. «Әуелі  аят-хадис – сөздің басы» десек, Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Біз сендерді орта жолды ұстанатын қауым қылдық…», «Бізді тура жолға сала көр! Нығметке бөленгендеріңнің жолына! Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес!(де)» деп әмір етіледі. Аталмыш аяттарда адаспай шектен шықпай жүретін бір жолдың (сиратул мустақим) бар екенін, оны Алла сүйетінін аңғарамыз. Пайғамбарымыздың да (с.ғ.с) діншілдік мәселесінде де шектен шығып кетуді құптамайтындығын, байыпты, басалды дін ұстануға насихаттаған мүбәрак хадистерден байқауға болады. «Дінде шектен шықпаңдар! Дінде шектен шығу құрдымға кетіреді», «Еш нәрсеге, тіпті дінге де шектен тыс берілмеңдер. Сіздерден бұрын өткен көп қауым дінге шектен тыс берілгендіктен өкініште қалған».

          Қазақ халқы әсіре дінге бой алдырмаған, Құдайын таныған ұлт. Оның ұлылығы да сонда.

АВТОР: «Егемен Қазақстан» газетінің Жетісу облысы бойынша меншікті тілшісі Мұхтар Күмісбек

Мәліметпен бөлісу: