Сиверс алмасы әдетте ұсақ топырақты, сирек қиыршық тасты беткейлерде, шатқалдар мен өзен аңғарларында, жалпақ жапырақты, аралас, сирек қылқан жапырақты ормандарда, тау етектерінен бастап, таудың жоғары белдеулерге дейін өседі. Тұқым қуалау бірлігі сақталған генетикалық материал ретінде, әлемді мойындатқан Сиверс алмасы мәдени сұрыптарының 15000-ының арғы-тегі болып табылады. Сирек кездесетін Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген түр.
Жуырда осы алманың атасын одан әрі танымал ету әрі дәріптеу мақсатында «Жоңғар Алатауы» МҰТП-нің ұйымдастыруымен блогерлер мен БАҚ өкілдеріне «Сиверс алмасының гүлдеуі» атты ақпараттық тур Тополевка орманшылығының Көкжота шатқалында өтті. Аталған іс шараны республикалық Қазақстан, облыстық Жетісу телеарналары, VISIT ZHETYSU мекемесінің өкілдері арнайы келіп тамашалады.
- Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық саябағының аумағы жабайы жеміс-жидек өсімдік түрлеріне бай аймақ. Мұндағы жабайы Сиверс алмасы өте бағалы әлемдік мәні зор бірден-бір генетикалық қор болып саналады. Табиғи саябақ аумағындағы жабайы Сиверс алмасы саябақтың жалпы жер көлемінің 3800 га аумағын қамтиды. Таулы аймақтары бойынша жабайы алманың кездесетін жерлері және қанша көлемде кездесетіні пайызбен көрсеткенде келесідей: Жоңғар Алатауы- 48%; Іле Алатауы-25%; Қаратау-12%; Талас Алатауы-11%; Тарбағатай-2%. Қазақстаннан тыс Қытайдың батыс бөлігі мен Орта Азияның оңтүстік тауларында (Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан) таралған.
1793 жылы орыс ботанигі Иоганн Сиверс Үржар өзенінің аңғарларындағы орман ішінде өскен жабайы алмаға бірінші болып сипаттама жазған. Орыс ботанигі К.Ф.Ледебур 1844 жылы Тарбағатайда болған кезінде осы Сиверс алмасына толық сипаттама берген. 1929 жылы орыстың ұлы ғалымы Н.И.Вавилов Орталық Азияға экспедицияға шығу барысында Қазақстанның оңтүстік шығысын жабайы алма мен өріктің орталығы деген болжам айтты. Кейін бұл болжам академик Аймақ Жанғалиевтің, сондай-ақ оның көптеген шетелдік әріптестерінің көп жылдық еңбегінің нәтижесімен Қазақстан «жабайы алмасы» (Сиверс алмасы) біздің ғаламшардағы алма өсімдігінің атасы екенін дәлелдеп растады.
Жылда осы уақытта Сиверс алмасының гүлдеуі фестивалі өткізілетін биыл да алманың гүлденуінің кезекті сәтіне куә болып тұрмыз. Біздің «Жоңғар Алатауы» МҰТП-нің территориясы 356 мың гектар, соның 4 мыңға жуық аумағын осы Сиверс алмасы алып жатыр. Теңіз деңгейінен 800 метр биіктікте Көкжота шатқалы орналасқан. Алма ағаштардың орташа жасы 50-ден асады, 100 жылдық ағаштар да бар. Ұзындықтары 6-8 метр болады. Жылда біз 30 гектар көлемінде сиверс алмасының ареалын қалпына келтіру үшін ағаштар отырғызамыз. Жыл сайын үш филиалда 78-80 мың түп ағаш отырғызамыз. Ал Тополевканың өзінде ғана 12000-17000 мың түп ағаш отырғызамыз. Қызыл Кітапқа енгеннен кейін орманды қалпына келтіру мақсатында ғылыми-танымдық бағытта ғана жұмыс жүргіземіз. Сиверс алмасының өзі дәміне, түсіне қарай 40 түрге бөлінеді. Бұл ағаштың гүлдену кезеңі сәуір айының 20-сы мен мамыр айының 20-сы аралығында болады. Былтырғы жылы ауа-райы қолайсыз болуына байланысты бұл байқау жоғарғы дәрежеде өтпеді. Биыл көріп тұрсыздар алмағаштар әдемі болып гүлдеп тұр,-дейді байырғы орманшы ғылым бөлімінің аға ғылыми қызметкері Саят Игембаев.
Келесі кезекте жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту бөлімінің басшысы Жанарбек Молдахан жабайы жануарларды азықтандыру мақсатында биотехниялық іс шаралар өткізетінін, сонымен қатар минералдық қоректендіру мақсатында тұздықтар дайындайтынын, орманшылық аумағында мекендейтін жануарларға санақ жұмыстары жүргізілетінін, жыл өткен сайын жабайы жануарлардың саны өсуі байқалып отырғанын сөзіне тиек етті.
Ал ғылым бөлімінің аға ғылыми қызметкері Жанар Нұрғожанованың айтуынша Сиверс алмасының ең көп мөлшері Жоңғар Алатауының солтүстік беткейінде орналасқандықтан паркте зерттеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Тұқымбақта алма ағаштарды өсіріп, алма ағаш көшеттерін гектарлап климаттық жағдайын ескеріп отырғызады.
Күншығыс елінде көктем мезгілін жапондықтар ерекше құрметпен қарсы алады. Мыңдаған қызғылт, күлгін, ақ түске боялған сакураның гүлдеуін Жапонияда жалпы жұрт болып ұлттық мереке ретінде тойлайды. Бұл мейрамды жапондықтар «Ханами» деп атайды. Жапон шиесінің бұл гүлдеуінің шарықтау шегі 22 наурызда болып, көктем иісіне толы керемет кезең бір аптаға, яғни 29 наурызға дейін созылады. Сиверс алмасының гүлдеуі фестивалі де келешекте жапон еліндегідей мыңдаған турист тамашалайтын көрініс болады деп сенім білдіреміз.
Іс-шара соңында барлық қатысушылар естелік суретке түсіп, шатқалдан жақсы әсермен қайтты.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ,
Сарқан ауданы.