
«Сіз» деген әдеп, «Біз» деген көмек, бір ауыз сөз, айтар ойы тереңде жатыр. Жақсы аталы, даналы сөздер – адам өмірін айшықтайтын, танымды танытатын, ақты ақ, қараны қара деп әдептілікпен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін кесіп, сөз құдіретін ұқтырады. Қазақ қоғамы аталы сөзге бас иіп, үлкенді сыйлап, кішіге ізеттілікпен қараған. Отбасы ошаққасынан бастау алып, бір шаңырақ, бүтін ауыл, барша қоғамның әлеуметтік өмірі, қарым-қатынасы, тұрмыс-тіршілігін баса назарда ұстаған. Қазақы қоғам, қазақы салт-дәстүр, қазақы менталитет, қазақы отбасына ел-жұрт болып жауап берген. Сізді әдеп көріп, бізді көмек көріп, сыйластықта өмір сүрген. Ұрпақ тәрбиесінде, «Бір үйдің баласы болма, көп үйдің санасы бол!»,-деп Төле би бабамыз айтып кеткендей барын үйреткен. Көпшіл болуды, жақсы ойлап, адамдарға ниетің түзу болып, көмек көрсетуге әр кез дайын болуға, үлкен ақылын тыңдап, кішілік ізеттілігін көрсете білуге баулыған.Қазіргі таңда қоғам өміріне зер салсақ, күйбең тіршілікпен әр адам өз өмірлерін күйттеп жатқан заман болды. Сіз бен біз деген ұғым ақырындап қоғам арасынан ажырап бара жатқан жоқ па? Қоғам болғасын әр түрлі жандар кездеседі, бір құмалақ бір қарын майды шірітеді демекші бір сотқар бала, ақымақ адам, көкек ана, жылуы жоқ әке, аузында даналы сөзі жоқ ата, мейірімі жоқ әжені, бір-біріне сыйластығы жоқ бауырларды көргенде барша адам заты осылай болып бара жатыр ма деп те ойланып қаласын. Бір жақсы мен бір жаман алмасып өмір сүретін өмірде жақсылықтың мәні қашанда бірінші саналған. Рухани құндылықты адам өз бойында қашан да дамытып отыруы қажет, күнделікті бір өмір салты адамды үйреншікті нәрсеге алып келеді, сол себепті адам өзін рухани жетілдіріп отыруы керек, дами беруге ерінбеуі керек.
Өмір сыйластықпен, бейбіт-қуанышқа толы күндермен бақытты. Жақсы қарым-қатынас, мейірімге толы жүрек, жылулыққа толы сөздер, жақын адамдар бізді қоршаса өмір мәнін сол кезде түсіне бастаймыз. Өзіміз білетіндей, әдептілік – барлық адамға жарасатын құндылық. Адамның тал бесіктен алған тәрбиесіне, өскен ортасына, төңіректегі адамдардың қарым – қатынасына байланысты қалыптасатын қасиет сол себепті, адам әрқашан да бет сұлулығымен және ішкі жан дүниесімен, әдептілігімен, мәдениеттілігімен әдемі. Сіз бен бізді түсінген адам, әдеп арқылы жеке адамның адамдар арасындағы қадір-қасиетін бағалайды. Ол ортаға осылайша сыйлы болады. Сыйластық адамгершіліктің ең жоғарғы сатысы, сол себепті де халық арасында би-шешендер аузынан қалған мына бір ауыз сөзге: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – адал өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық», − құлақ ассақ «сіз» бен «біздің» бізге берері мол. Уақытысында сыйласып, дер кезінде қол ұшын созу игі істердің бастауы. Алма кезек алмасып жатқан мына өмірде, бір күн сіз жақсылық танытсаңыз, келесі күн екі есе сауабымен сізге жақсылық келеді. Көмек қолыңызды созсаңыз, сізге де қиын сәтте қол созатын, жақсылық көрсететін адам табылады.
Адам өмірінің рухани-жан дүниесінің ұйытқысы жақсы сөздер мен іс-әрекеттер сол себепті ең бағалы адам адами қасиеттерді бойына жинаған, әдепті, әділетті, шыншыл, кішіпейіл адам. «Адам боп оңай туғанмен, адам боп қалу көп қиын»-, деп Қадыр Мырза Әли айтпақшы әр адам парызы осы сөзбен байланысқанын ұмытпайық.
Диана МЕЛІС,
дінтанушы.
