Сот ғимараты күрделі жөндеу көрді

Сонау 1993 жылдан бері қабырғасына сылақ тимеген Сарқан аудандық соты Республикалық бюджеттен бөлінген 30 млн. теңгеге биыл күрделі жөндеу көрген болатын. Қарашаның 16-сы күні еңсесі тіктеліп ажары айшықталған, жан-жағы талапқа сай қоршалып көрер көзге қуаныш ұялатқан аталмыш ғимараттың салтанатты түрде лентасы қиылды.

 

 

Шараға арнайы келген Алматы облыстық сотының төрағасы М.Таймерденов, Сарқан ауданының әкімі Е.Қошанбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Жанасбеков жиналған жұртшылық алдында құттықтау сөз сөйлеп архитектуралық талапқа сай ғимараттың ендігі жерде сала жұмысына соны серпін беретіндігіне сенім білдірді. Алқызыл лента қиылып дәстүрмен шашу шашылған соң меймандар ішке аяқ басып аудандық соттың материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты. Бұрындары жеке жылу қазандығы екі қабатты ғимаратты жылумен қамтуға қауқары жете бермейтін. Орталық жылу жүйесіне қосылғалы бұл мәселе де өз шешімін тапқандай. Аралағандар жөндеудің сылап-сипаумен ғана аяқталмай ішкі бөлмелердің біразының жұмыс талабына сай икемделгендігін, жаңарғандығын көзбен көрді. Кең, жылы әрі жарық кабинеттерді аралап қолайлылықты саладағы жаңашылдықпен ұтымды ұштастыру керектігін ескерткен Мейрамбек Таймерденұлы аудандық әкімшілік, ардагерлер тарапынан үнемі қолдау сезінетін Сарқан аудандық сотының төрағасы Е.Байболовтың басшылығындағы ұжым жұмысына жоғары баға беріп істеріне сәттілік тіледі. Соңында облыстық сот төрағасы М.Таймерденов ғимарат қабырғасында тұрғындардың жеке мәселесі бойынша қабылдау өткізді.

П.ЖЕҢІСХАН.

Мәліметпен бөлісу: