Сот ісін жүргізу тілі

Барлығына белгілі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бар территориясындағы қоғамдық қатынастардың барлық салаларының, іс жүргізу, сондай-ақ  сот ісін жүргізудің, заңнаманың, мемлекеттік басқарымның да тілі. Сот ісінің мемлекеттік тіл принципінің мәні оның басқа демократиялық негізі – соттың жариялылығының іс жүзінде қамтамасыз етілуінің қажетті шарты болып табылуында. Қазіргі таңда ұлттық тіл принципінің орындалуы азаматтық сот ісіндегі ерекше өзекті мәселеге айналуда. Аталған принціптің іске асырылуын реттейтін құқық нормаларын қатаң сақтау, сот ісі жүргізілетін тілді меңгермейтін іске қатысушы түлғаларға сыпайлықпен қарау, менің ойымша, наразылықтардың алдын алып, келіспеушілік орын алған жағдайларды өршітуші себептердің жойылуына ықпал ету мүмкін.

Қазахстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы берілген тілге байланысты белгіленеді. Сот істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшының талап арыз берілген тілді жеткілікті дәрежеде білетіндігін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетіндігін анықтайды. Сот талап қоюшыдан тиісті жазбаша өтінішхат түскен жағдайда ғана сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді ұйғарым шығарады. Тараптардың тең құқықтылығы қағидатын ескере отырып, сот осы мәселе бойынша жауапкердің де пікірін анықтауға міндетті.

Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады. Іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын адамдарға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа да тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен айғақтар беру, өтінішхаттар беру, шағымдар жасау, сот актілеріне дау айту, іс материалдарымен танысу, сөз сойлеу, заңда белгіленген тәртіппен аудармашының қызметтерін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші. Сот ісін жүргізудегі қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін халық болып ат салысу керек!

А.Н.Құрманғалиева,

 Сарқан аудандық соты әкімшісінің басшысы.       

Мәліметпен бөлісу: