Спортшы  — ел мақтаны, мемлекет мерейі

Өткен жұмада аудан спортшылары өздерінің төл мерекелерін атап өтті. Аудандық балалар мен  жасөспірімдер спорт мектебінде өткен салтанатты шара өз шымылдығын мемлекеттік гимнмен  ашты. Жиналғандарды кәсіби мерекелерімен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асхат Құдабаев құттықтап ізгі лебізін білдірді. 

Жалпы ауданымызда спорт саласының көсегесін көгерту бағытында бірқатар жемісті жұмыстар атқарылып жатыр. Түрлі сайыстарда топ жарып, мәреден алғашқылардың бірі болып көрініп, мерей өсіріп жүрген жастарымыз соның жарқын мысалы.  Әлемдік додаларда қазақ айбынын көтеретін болашақ жеңімпаздарды спорттың сан қырына баулып жүрген тәлімгерлер қашанда құрметке лайық. Салтанат барысында бірқатар жаттықтырушылар мен жасөспірімдер облыстық спорт басқармасының, аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып мерейлері тасыды. Шарада сондай-ақ спорт ардагері Ю.Гугля сөз алып жерлестерін айтулы мерекемен құттықтады. Бұдан соң қатысушылар жарыс алаңдарын бетке алды. Алдымен аяқ доптан өткен додада аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұжымына тең келер команда болмады. Ал ІІ орынға Алмалы ауылдық округі табан тіресе, ІІІ орынға Қойлық ауылының жастары жайғасты. Бұрымдылар арасындағы білек күшін байқасуда Т.Сибиркина тұғырдың биігінен көрінсе, ІІ орынды А.Арыстанова, ІІІ орынды Ш.Қозыкенова жеңіп алды.  Ал ерлер арасындағы кол күресте Қ.Хаметсапа І орын иегері атанса, Қ.Уринбаев ІІ орын, К.Ербаев ІІІ  орын жеңімпазы болып белгіленді. Әйелдер арасындағы көпсайыста орындар былай бөлінді. І орын  Ә.Қомашбаева, ІІ орын Г.Мұхамедқалиева, ІІІ орын А.Жақсылықова. Сондай-ақ  арқан тартысында аудандық орталық аурухананың ұжымына табандап тұрар команда табылмады. ІІ орынға аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы, ІІІ орынға Алмалы ауылының командасы жайғасты.

 

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: