Спортшыларға құрмет көрсетілді

Спорт күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылдың 15 қарашасындағы Жарлығына сәйкес тамыз айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі.

Жуырда осы мерекеге орай аудандық әкімдіктің мәжіліс залында «Салауатты ұлт, салауатты ұрпақ» атауымен спортшылар мен салауатты өмірді ұстанатындардың қатысуымен іс-шара өтті. Жиынның ашылуында сөз алған аудан әкімі Е. Қошанбекұлы қос тілде жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, «Қазақстан-2050» стратегиясында спорт саласына да ауқымды орын берілгенін, спорт саласындағы өңірдің ауқымды жетістіктерін, халықаралық, әлемдік деңгейде елдің атын шығарып жүрген спортшыларды атап өтіп, қазынадан биылғы жылы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің материалдық базасын жаңартуға 10 млн. теңге бөлінгенін, қаланың 4 жерінде бұқаралық спортты жандандыру үшін  street workout (стрит воркаут) орнатылатынын жеткізді.

Сонымен қатар аудан әкімі Мұрат Садыбаевқа «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін табыс етіп, спорт саласында биік табыстарға жетіп, үлестерін қосқан бір топ жаттықтырушы мен ардагер спортшылар, оның ішінде жасөспірімдерді де Алғыс хаттармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.

Келесі кезекте спорт ардагерлері В. Резниченко, А. Бұғыбаев өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, сыр шертсе, нәзік жанды болса да жігіттерден қалыспай жаттығып жүрген А. Байғожа өзінің мерекеге байланысты құттықтауын жеткізіп, салауатты өмір салтын ұстанған адамның тәнімен қатар жаны да сергек болатынын мәлімдеді.

Шара соңы мәдениет үйінің қызметкерлері әзірлеген мерекелік ән-шашумен жалғасты.

 

Ж. ЖОМАРТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: