Қазан айындағы айшықты атаулардың бірі әрі бірегейі – мұғалімдер күні. Өткен аптада аталмыш мерекеге орай аудандық мәдениет үйінде «Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік» атауымен өткен салтанатты шара мұғалім мәртебесін көтеріп, мерейін тасытты.
Жиналғандарды ең алдымен аудан әкімі Марат Разбеков құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде: — Құрметті ұстаздар, ардагерлер, қонақтар! Сіздерді төл мерекелеріңіз — Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұстаз — қай заманда да киелі ұғым, ең ұлы құрмет иесі болып саналады. «Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын — мұғалімдікі» деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, жылында бір рет келетін «Ұстаздар мерекесіне» орай бас қосып отырмыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: “Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында”,- деген сөзі, бірегей тұлға ұстазға деген құрмет пен ықыластың ерекше екендігін білдіреді.
Құрметті ұстаздар! Ауданның бiлiм беру жүйесiн дамытуға, туған жердiң шынайы патриоттарын тәрбиелеуге және жалпы еңбек қоғамын құруға қосқан лайықты үлестерiңiздi атай отырып, Сiздердi кәсiби мерекелерiңiзбен тағы бір мәрте шын жүректен құттықтаймын! Шәкірттеріңізге берген жылулық пен тәрбие-лерiңiз қашанда алдарыңыздан сәттiлiк пен алғыс ретiнде шыға берсiн.
Сiздерге мықты денсаулық, береке, ұстаздық жолында шығармашылық табыстар мен жетiстiктер тiлеймін!» – деді.
Ұзақ жылдар білім саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан бірқатар ұстаздар лайықты марапат көріп, әріптестері алдында абыройлары асқақтады. Абай атындағы мектеп гимназия математика пәнінің мұғалімі Жүмжүменова Мәрия Дүйсебайқызына Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғысы» табыс етілсе, тағы бірқатар мереке иегерлері Алматы облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен», «Алғысымен» және аудан әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Облыстық деңгейде өткен сан түрлі ұжымдық білім бәсекесінде арнайы номинация иеленгендердің де аттары аталып, ортаға шақырылды.
Ұстаздарды сондай-ақ аудандық мәслихат-тың хатшысы Қадыр Абдрахманов, аудандық білім бөлімінің басшысы Панар Иманғазиева, Білім және ғылым қызметкерлері аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ермек Алинов, аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Е.Тоқжігітов құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Мерекеге жиналған қалың көпшілік ұрпақтар сабақтастығының жарқын куәсі болды. Сахнада сап түзеген жас мамандарға ардагер-ұстаздар мейірлене қол соғып, ұлы мамандық ұлағатына сай болуға ант берген жастардың жарқын үніне тәнті болысты. Өз кезегінде ардагер-ұстаздарға сый-сияпат ұсынылып, құрмет көрсетілді. Салтанатты шара соңы ұстаз есімін ұлықтаған әуендерге ұласты.
Өз тілшіміз.