
Ауыз су – химиялық құрамы бойынша адам денсаулығына зиянсыз табиғи су. Денсаулыққа зияны жоқ болумен қоса, оның құрамында минералдар мен тұздар, нитраттар мен нитридтердің (кальций, магний, фтор, темір, кобальт, мыс, т.б) адам ағзасына қажетті деңгейде болуы шарт. Сондықтан да, ауыз су мәселесі мемлекеттің басты әлеуметтік мәселелерінің бір болып табылады. Сол себепті Қазақстан тәуелсіз мемлекет атанған соң ел үкіметі ауыз су мәселесін қолға алды.
Мемлекет басшысының бастамасымен 2001 жылғы 2 шілде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2001-2030 жылдарға арналған «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Бағдарлама аясында елдімекендерді ауыз сумен жабдықтайтын жаңа жүйелер мен құрылыстарды салу, жұмыс істеп тұрған сумен жабдықтау жүйелері мен құрылыстарды оңалту және орталықсыздандыру, судың сапасын жақсарту, жерасты суын пайдалануды жандандыру, тұрғындарға су жеткізіп беру жөнінде рынок қызметін қалыптастыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде бірқатар елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілді. Әйтсе де, базбір әлеуметтік және экономикалық кедергілерге байланысты бағдарлама бойынша жоспарланған жұмыстар толықтай жүзеге аспады. Республикалық және жергілікті атқару органдарының арасында жобаларды қаржыландыруға байланысты ортақ келісімдердің болмауы, нысандарды жобалау сапасының төмен болуы секілді кемшіліктерге жол берілді. Бағдарлама қолға алынған алғашқы он жыл ішінде, орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған ауылдық елді мекендердің саны 12 пайызға өсіп, барлығы 41 пайызды құраған. Яғни, еліміздегі 7002 ауылдық елді мекендердің 3849-ы сапалы ауыз сумен қамтылмай қалды.
Сондықтан, жол берілген кемшіліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 9 қараша күнгі қаулысымен 2011-2020 жылдарға арналған халықты ауыз сумен қамтудың «Ақбұлақ» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарлама бойынша сумен қамту нысандарын салғанда заманауи әдіс-тәсілдерді пайдалану, сумен қамту жүйелерін пайдаланудың тиімділігін арттыру, су шаруашылығы секторына инвестиция тарту және сумен қамту нысандарын қаржыландыруға жеке меншік капиталды тарту, жерасты суларының әлеуетін молынан пайдалану, сумен қамту жүйелерін жобалаудың сапасын жақсарту міндеті тұрды.
Су саласындағы сарапшы мамандардың айтуынша, 2035-40 жылға қарай елімізде суға деген сұраныс 45 пайызға дейін артуы ықтимал. Яғни, су жетіспеушілігі жылына 12 текше шақырымды құрайды деп болжануда.
Бүгінгі таңда әлемде тіршілік нәрінің тапшылығы айқын байқалып отыр. Сондықтан мамандар суды үнемді пайдалануға шақыруда.
Иә, Еуропа елдерінде суды үнемдеу ертерек басталған. «Еуропа халқы таңертең тіс тазалап, беті-қолын жууға бір кружка суды пайдаланады екен» дегенді естіген шығарсыздар. Әрине, біз беті-қолды жууға бір кружка суды пайдаланбасақ та, мүмкіндігінше суды үнемдегеніміз жөн ақ. Әйтпесе, бізде әлі күнге бақша суаруға ауыз суды пайдаланатындар бар. Ал, мұндай жағдайлар су тапшылығының туындауына соқтыруы мүмкін. Сондықтан, судың да сұрауы бар екенін ұмытпай, суды үнемді пайдаланғанымыз абзал.
Ж. Мұқашев,
Сарқан ауданының құрметті азаматы.
