Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ көшпелі қабылдау өткізді

Ағымдағы жылдың 5 наурызында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Саян Ахметжанов сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтың құрамында Сарқан ауданында болып, қоғамдық қабылдау өткізді.

Аталмыш шараның негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және шалғай аудандардың тұрғындарына заңгерлік көмек көрсету. Көшпелі қабылдау аясында топ мамандары 50-ден астам азаматқа кеңес берді.

Шара барысында тұрғындар білікті заңгерлік көмекті қажет ететін түйткілді түйіндерін ортаға салды. Мұндай формат қарапайым халықтың құқықтық мәселелеріне кең ауқымды қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.

Мобильді топтың мамандары қабылдауға келген тұрғындарға азаматтық, жер, отбасылық құқық және басқа да өзекті тақырыптар бойынша егжей-тегжейлі түсініктер берді.

Департамент басшысы Саян Қылышұлы Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауы аясында заң мен тәртіпті сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ» Жетісу облысының барлық аудандары мен қалаларында жұмысын жалғастырады.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: