Адам баласы ежелден ізгі ісімен жұрт жадында қалады. Алғанымен емес, бергенімен санатқа кіреді.Десекте қай заманда болмасын жегі құрт сынды іштей кеулеген жемқорлық адамзатпен бірге жасасып келеді. Бұл дертке шалдыққандар бергеннен гөрі алғанды жақсы көреді. Түйені түгімен жұтатындардың бүгінгі мұрагерлері миллиардтап көмейге құятын болды.
Осы жұқпалы дерт қай кезеңнен басталды екен деген сауалдың жетегімен ұлы Абай шығармашылығына сапар шектік.
Ұлы Абайдың ғақлиялары тұнып тұрған өсиет емес пе? «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі- ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар- тәннің құмары…. Біреуі- білсем екен демеклік… Не көрсе, соған талпынып.., көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары…» дейді ол жетінші қара сөзінде.
Тәннің құмарлығын баса алмай, дәндеп алып, ұрлықпен-қарлықпен, бастапқы қылмыстары ашылмай қалса сыбайлас жемқорлықпен былыққа қалай батқанын біле алмай жүргендердің қай қоғамда да кездесетіні де өкінішті.
Тағы да Абай:
Кеселді жалқау, қылжақбас,
Әзір тамақ,әзір ас.
Сыртың –пысық, ішің-нас,
Артын ойлап ұялмас,- деп шенейді оларды.
Ақынның «Қалың елім, қазағым,қайран жұртым» өлеңінде аяусыз ащы сынға алған жайларын есіңізге түсіріңізші! Олар: «Жақсы мен жаманды айырмаушылық, өз сөзі мен басқа сөзді ұқпаушылық, бас-басына би болушылық және бірлік береке, шын пейіл жоқтығынан туған күш сынысқан күндестіктің» іргемізден берік қоныс тапқандығы еді ғой. Міне, осы сықылды сиықсыз әдет, бұралқы мінездер, сый дәметкен ұлық, жемқорлық жайлаған жерде елдің «ұстарасыз ауызына мұрты түсіп» кетеуінің кетпеуі мүмкін емес. Абай айтқан батыл сындардың жанкешті қалыппен ғасырдан ғасырға жетуі жанымызды жабырқатады, әрине.
Ақын, әлбетте, адамгершілік өріс алса, адам мінезі өзгерсе қоғам да өзгереді, жақсылық орнайды деген ұғымда болғаны анық. Алайда адамның адамнан артық болсам деген пиғылы міндетті түрде олардың өз арасында дұшпандық, алакөздік туғызатынын, бір-бірін алдауға, арбауға,іштен шалуға мәжбүр ететіндігін өмір дәлелдеп келеді.
Ғасырлар бойы елді жайлаған мешеулік,томаға-тұйықтық, талапсыздық, жалқаулық, парақорлық және басқа да халықтың қанына сіңіп, еншісіне тиген дағды-әдеттің керітартпалығын жою да бір күннің шаруасы еместігін ақынның өзі де жақсы ұққан. Қырық бірінші сөзінде Абай «Қазақты иә қорқытпай, иә параламай ақылмен ешнәрсеге көндіру мүмкін емес.Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтімен енген надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген…Енді не қылдық,не болдық» деп күйзеледі.Халықтың бойына сіңген зиянды дағды-әдеттің зардаптарына қарсы күрестің қиындығын ақын :
Таппадым көмек өзіме,
Көп наданмен алысып.
Көнбеді ешкім сөзіме,
Әдетіне қарысып,- деп білдіреді.
Қазақ даласындағы бұрыннан да бар жемқорлықты орыс билігі заңдастыра түсті. Қазақтың бай – манаптарын, би-болыстарын қолшоқпар етіп кез келген мәселені пара алу арқылы шешіп, халықтың мойнына ауыртпалық түсірген орыс әкімдерін Абай да жек көрді. Олардың алдында құрдай жорғалап, шыбындап бас изеген би-болыстарды аяусыз әшкере етті. «Күлембайға» деген өлеңінде ояз алдындағы қазақ баласының кейіпсіз күйін сықақ етті. Орыс әкімдерімен кездескенде тең түсіп сөз жарыстырып, жауап қайырысып, кішіреймей иық тірестіріп орыс ұлықтарының намысын қоздырғанымен орыстың прогресшіл ғылымы мен білімін игеру үшін осы халықтың тілін үйренуге үндеді.
Абайдың бір өлеңіндегі «Пайда ойламай, ар ойла» атты тұжырымды ойы бүгінгі таңда мақал-мәтел, нақыл, шешендік сөз сынды естіледі. Бұл тіркес адамгершіліктің, адалдықтың, адамдықтың басты сипаты.
…Ар мен ұят ойламай тәнін асырап,
Ертеңгі жоқ, бүгінгі болған құмар.
…Ақылды деп, арлы деп, ақпейіл деп,
Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп.
Дегенмен нарықтық қатынас арды ұмытып, қарабасының пайдасын ғана ойлайтын аттөбеліндей топты қалыптастырғанын ұмытуға бола ма? Олар керсінше ұлы ақынның «Арсыз болмай атақ жоқ,алдамшы болмай бақ қайда» деген пайымымен өрелес, туыстас сынды.Үкілеп үміт күткен кейбір жастың лауазымға қолы жетісімен парақорлықтың батпағына көмілгенін көргенде осылай демеске лажың да қалмайды екен.
Адамның көрсе қызарлығын, дүниеге тоймайтын көзін тек топырақ қана толтырады. Бұл тәмсілді ұлы ақынның «Ескендір» поэмасынан табамыз. Ескендірдің күтінбеген бейбіт жұртты қырып-жоюына, барған сайын аранының ашылуына орай ақын қатал үкім шығарады.Зұлымдық пен жемқорлықтың зауалы-адамның көзін толтыратын топырақ қана.
Ұлы Абай халқының қараңғылығы ертеңгі ұрпаққа ұласып жүрмесе екен деп уайымдаған. Аурудың алдын алмасаң оған ем қонбайды.Жемқорлықтың дауасы- қатаң тәртіп, ауыр жаза.
«Nur Otan» партиясы бағдарламасында «Партияның жемқорлықты түбегейлі жоюда алға қойған мақсат – мүдделеріне қол жеткізу үшін баршамыз бір адамдай жұмылуымыз керек. Алдымызда әлі талай үлкен міндеттер тұр, талай сын кезеңдерден өтуге тура келеді, осы жолда сапалы нәтижиеге қол жеткізуіміз қажет» деп нақты міндеттер қойылған. Осы міндеттерді орындауға үлес қосу үшін санамыздың таза, мақсатымыздың айқын, қадамымыздың нық болуы шарт.
Жомарт ИГІМАН.