Сыбайлас жемқорлықтың аллын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде

Сарқан ауданы әкімдігі қоғамдағы адалдық қағидаттарын нығайту және мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыру мақсатында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді. Қоғам үшін аса маңызды бұл мәселеде ашықтық, жариялылық және құқықтық мәдениетті көтеру аудан әкімдігінің басты басымдығына айналды.

Аудан аумағындағы барлық мемлекеттік мекемелерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша тұрақты ішкі талдау жұмыстары жүргізіліп, анықталған олқылықтарды жою шаралары қолға алынуда. Қызмет көрсетулерді цифрландыру, құжат айналымын оңтайландыру және әкімшілік рәсімдерді жеңілдету – адами факторды азайтып, ашық қызмет көрсетуді қамтамасыз етудің тиімді тетіктерінің бірі.

Сарқан ауданы әкімдігі қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға да ерекше мән беруде. Бүгінде аудандық мекемелерде «Адалдық сабағы», «Пара берме – пара алма», «Қызметтік әдеп және заң талаптары» тақырыптарында семинарлар мен тренингтер өткізу дәстүрге айналған. Осындай кездесулерде қызметкерлерге «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдардың негізгі талаптары түсіндіріліп, этикалық нормаларды сақтау маңыздылығы кеңінен баяндалады.

Жастар арасында адалдық құндылықтарын қалыптастыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мектептерде, колледждерде тәрбие сағаттары ұйымдастырылып, жастар ұйымдарымен бірлескен ақпараттық іс-шаралар өткізілуде. Өскелең ұрпақтың санасында әділдік пен жауапкершілікке деген көзқарасты нығайту – сыбайлас жемқорлықсыз болашақтың басты кепілі.

Әр азамат заңсыз әрекетке жол бермеуге, дер кезінде хабарлауға және адалдық қағидатын ұстануға үлес қосса, ауданымыздың дамуы да, болашағы да жарқын болмақ.

Сарқан ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Айтақын Сержан

Мәліметпен бөлісу: