Биыл тәуелсіз ел атанғанымызға 30 жыл. Егемендік алған тұста дүние есігін ашқандар биыл отыз жасқа келіпті. Еліміздің сан түрлі саласында қызмет етіп, мемлекетіміздің дамуына елеулі үлес қосып жүрген жандардың жетістіктерін бүгінгі айтар ойымыздың арқауы еттік. Мақаламыздың бүгінгі кейіпкері азаттықтың ақ таңы атқанда дүниеге келгендердің бірі – Мықтыбаев Дидар. Қаламыздағы №22 өрт сөндіру бөлімінде көлік жүргізуші болып қызмет ететін Дидар орта мектепті тәмамдаған соң әке қалауымен №14 кәсіптік лицейден «Газэлектр дәнекерлеуші» мамандығын оқып шығады. 2009 жылы Қарағандыда Отан алдындағы борышын абыроймен өткерген кейіпкеріміз бұдан кейін Талдықорған қаласындағы әскери бөлімде келісімшартпен қызмет атқарады. Ал 2016 жылы 1 сәуірде Ақсу ауданындағы №25 (қазіргі №16) өрт сөндіру бөліміндегі еңбек жолы тәуелсіздіктің құрдасын қастерлі мамандық құтқарушы атануға алып келді.
-Өрт сөндірушінің бойындағы ең басты қасиет мен үшін ол сабырлылық. Төтенше жағдай кезінде салқынқандылықпен әрекет етіп, шешім шығарудың маңызы ерекше. Адамдардың тағдыры таразыға түскен кезде ұстамдылықпен шұғыл қимылдау көп жағдайда өз жемісін береді. Жалпы менің міндетім өрт шыққан аумаққа ауыр көлікті жылдам жеткізіп, қызыл жалынды ауыздықтауға алғышарт жасау болып табылатындықтан жұмысыма жауапкершілікпен қараймын. Күні кеше ғана Тараз маңында болған жарылыс адамды сан түрлі ойға жетелейді. Жайшылықта еңбектері елене бермейтін өрт сөндірушілердің қандай қауіп пен қатерге бастарын тігетінін аталмыш жарылыс тағы бір мәрте айқындап берді. Сондықтан құтқарушы мамандығының әрқашан мәртебесі биік, абыройы асқақ деп білемін,-дейді Дидар Арнайұлы.
Азат елде туылып, білім алған, бүгінгі күні елінің дамуына қызметімен өзіндік үлес қосып жүрген үш баланың әкесі қазіргі жетістіктеріміз бұл елдегі тыныштықтың, тәуелсіздіктің арқасы дейді. Елмен бірге есейген Дидар тәу етер тәуелсіздіктің құрдасы болу үлкен бақыт әрі зор жауапкершілік деп түсінеді. 30 жылда еліміз өркендеп, қанатын жайды. Егемендіктің арқасында өзге елдермен тереземіз теңесті. Енді сол тәуелсіздігіміз баянды болуы үшін баршамыз аянбай еңбек етуіміз тиіс деген ақ тілегін де жеткізді.
П.Жеңісхан.