Ел тағдырына әрбір азамат жауапты. Шынында да, әрқайсымыздың азаматтық ұстанымымыз елдің бүгіні мен ертеңі үшін маңызды. Осы орайда, елімізде кейінгі бір жылда болған саяси оқиғаларға көзқарасымды білдіру парызым деп санаймын. Мемлекет басшысы ел өміріне ауадай қажет саяси шешімдер мен жаңа мемлекеттік құрылымның табан тірегін белгілей алды. Президент Жолдауында алдымен биліктің бір қолда шоғырлануын шектеу бағытындағы өзгерістерге ерекше мән бергені бұдан кейін іске асатын барлық игі істердің бастау алуын қадап айтты. Түбегейлі өзгерістер еліміздің жаңа дәуірге қадам басуына жол ашты. Қоғамдық белсенділіктің жаңа алаңы құрылды. Сондықтан да саяси реформа елдігімізді жаңғырту үлгісіне айналды деп батыл айта аламыз. Ең бастысы, алға қойған мұрат-мақсаттарға қол жеткізуге бізде қажетті саяси ерік-жігер молынан табылады. Енді тек халықтың жағдайын жақсартатын нақты нәтижелер керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында ел жастары үшін аса маңызды мәселелерге тоқталды. Қазір елімізде кейінгі толқынның әлеуметтік-мәдени бейімдеу мәселелерін шешу және жастардың бәсекелік қабілетін дамыту өзекті болып отыр. Бұл ретте жастардың жұмысқа орналасуы басты назарда. Осыған байланысты Мемлекет басшысы тиісті шараларды жүзеге асыруды тапсырды. Мұның негізгі шешімі кәсіпкерлікпен айналысу екені анық. Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі.
«Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», – деді Президент.
Жастарды қолдау мақсатында нарық сұранысына қарай мерзімді оқыту жұмыстары да жүргізілуде. Жобаның аясында азаматтар жаңа мамандық меңгеріп, оқу аяқталғаннан кейін жұмысқа орналаса алады. Қазіргі таңда мемлекет субсидиялайтын жұмыспен қамтылған азаматтардың 36%-ы жастар. Бұл – өте маңызды шешім. Жастарды қолдау ғана емес, жаңа кәсіпкерлер санын көбейтіп, бизнес нысандарын арттыруға септігін тигізеді.
Хакім Абай «Адамның адамшылығы істі қалайша бітіргендігінен емес, қалай бастағандығынан білінеді»,- деген асыл сөзі баршамызға ой салатындай. Дөңгеленген дүние дүрмегінде батыл бастама оңайлықпен келмейді. Ол үшін ел басқарып отырған тұлғаға үлкен ерік-жігер мен халыққа деген шынайы сүйіспеншілік керек. Күрделі кезеңде халықтың басын біріктіретін құндылықтар әділдік, шындық және адамгершілік екені белгілі. Сондықтан Мемлекет басшысының халық болашағы жолындағы шешімді қадамдары бәрімізді әділеттікке, бірлікке, өркендеуге бастайтыны сөзсіз. Бүгінгі мемлекетіміздің дамуы – сындарлы саясат пен елдік ынтымақтың арқасы. Сондықтан да бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болғай.
Женис КАБКЕНОВ,
белсенді жас