Жуырда аудандық мәслихаттың «Экономика саласы, қаржы, салық және бюджет, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, аграрлық мәселелер, экология жөніндегі» және «Депутаттар өкілеттігі, заңдылық, заң тәртібін сақтау, әлеуметтік саясат, жастар және коғамдық ұйымдармен байланыс жөніндегі» тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы болды. Отырысты аудандық мәслихаттың хатшысы Қадыр Абдрахманов жүргізіп, қала, ауыл тұрғындары үйлерінің маңайындағы бау-бақшаларын суғару үшін сумен қамтамасыз ету туралы мәселе қаралған жиынға аудандық мәслихат депутаттары, Сарқан қаласы әкімінің орынбасары, Бақалы, Қойлық, Черкасск, Шатырбай, Көктерек, Амангелді ауылдық округтерінің әкімдері қатысты.
Ауданымызда жалпы ауыл шаруашылық саласы бойынша барлық мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Аудан әкімінің есепті кездесулерінде жұртшылық тарапынан ауладағы бау-бақшаларды суаруда кездесетін кедергілер туралы жиі мәселе көтеріледі. Сондықтан бұл мәселе тұрақты комиссияның күн тәртібіне енгізіліп отыр. Осыған орай «Сарқанирригация» мекемесінің директоры Заманхан Әшірбеков ирригация жүйелері бойынша жалпы атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Сонымен қатар суды таратуда туындайтын қиыншылықтар атап көрсетіліп, оларды жоюдың жолдары қарастырылды.
Комиссия отырысында күн тәртібіндегі мәселе бойынша Бақалы ауылдық округінің әкімі Арын Күрішбаев сөз алып, егістікті суару маусымы кезіндегі бірқатар кемшіліктерді ортаға салды. Отырыс барысында тұрақты комиссия мүшелері суды пайдалану бойынша төленетін ақысы мен мөлшері туралы мәселені нақтылады. Тұрақты комиссияның қаулысында қала, ауыл әкімдеріне, «Сарқанирригация» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына суармалы жерлердің ирригациялық жүйелерін уақытылы тазарту жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
Жомарт Игіман,
аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы.