Тәрбие мен білім егіз ұғым

Осындай атау аясында апта басында аудандық мәдениет үйінде аудан ұстаздарының, ата-аналардың, психологтардың, тәртіп сақшыларының, дәрігерлердің, аға буынның жалпы бала тәрбиесіне мүдделі барша тараптардың басын қосқан ауқымды ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Күн тәртібінде бір ғана дүние, ол-ұрпақ тәрбиесі атты қазіргі таңдағы ең маңызды мәселені көп талқысына ұсынып, кеткен кемшіліктерді ортаға сала отырып оларға жауапты бірлесе іздеу, келешекте аталмыш олқылықтардың алдын алу.


Алғашқы баяндаманы аудандық білім бөлімінің басшысы Панар Иманғазиева жасап, өткен оқу жылдары оқушылардың қатысуымен болған келеңсіздіктерді, оның ішінде баршаны алаңдатып отырған жасөспірімдер қылмысы, өзіне өзі қол жұмсау, ерте жүктілік сияқты білім саласындағы көрсеткіштерге көлеңкесін түсіретін бірқатар жайсыздықтарды айта келе осынау бағытта өздері тарапынан жасалып жатқан жұмыстар турасында кеңінен сөз қозғады. Бұдан әрі шараға арнайы шақырылған меймандар ортақ мәселеге қатысты өз ойларымен бөлісті. Атап айтқанда Алматы облыстық білім басқармасының тәрбие бөлімінің басшысы Айнагүл Үшкемпірова көтеріліп отырған түйткілдің өңір көлеміндегі ахуалына тоқталса, Талдықорған қаласының облыстық ауруханасының балалар психиатры, суицидолог Дидар Аушинов маман ретінде ғасыр дерттерінің бірі-суицид турасында тарқатып айтып берді. Ал Алматы қаласы, Қайнар академиясының доценті, психология ғылымдарының кандидаты Мейірім Еркінбекова өзіне өзі қол жұмсаудың себептеріне үңілді. Мінберге сондай-ақ аудандық ішкі істер бөлімі ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Мухит Тұрғымбеков, аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары, гинеколог Гүлнар Садвакасова, №1 мектеп-гимназиясы ата-ана комитетінің төрайымы Әсел Джексембинова көтеріліп, алқалы басқосуға себепкер-тәрбие ісіне орай өз салалары бойынша үн қосты. Мектеп психологтары ата-ана, оқушы, мұғалім сынды тәлім мен тәрбие үрдісінде маңызды рөл атқаратын институттармен жұмыстарын нақты іс-тәжірибеде көрсетті. Жиынды аудан әкімі Ерғазы Қошанбекұлы қорытып, болашағымыз — балалар ісінде бей-жайлылық танытпауымыз керектігін айрықша ескерте келе қоғамның бірде бір мүшесі бала тәрбиесінен шет қалмауы керектігін баса айтты. Түске дейін созылған отырыс барысында қатысушылар бір-ақ сұраққа, тәрбие тетігін қалай жетілдіріп, одан әрі тиімді ете аламыз деген сауалға жауап ізделінді. Сан алуан ойлар ортаға салынып, көкейге қонар пікірлер естілді. Байыпты байлам жасалып, ұғынықты ұсыныс та айтылды.Жиынның басты мұраты да осы болса керек-ті.

П.ЖЕҢІСХАН.

Мәліметпен бөлісу: