Тәрбие сағатының тағылымы

Отанын сүю, ұлтын ардақтау өнегелі өткені, жарқын бүгіні, баянды болашағы бар кез келген ұлттың менмін деген перзентінің қасиетті борышы. Ал осынау қасиетті жас буынның бойына ұялату бүгінгі күннің басты талабы десек еш артық айтқандық емес.

Жуырда Абай атындағы мектеп-гимназияның қабырғасында 1 желтоқсан-Тұңғыш Президент күні қарсаңында өткен «Ерлік» атты тәрбие сағатын тамашалап отырып осыған тағы бір мәрте көз жеткіздік. Өскелең ұрпаққа берері мол шараға Ауған соғысының ардагерлері, ұстаздар және қаламыздағы бірқатар білім ордаларының шәкірттері мен студенттері қатысты. Көпшілікті аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Талғат Альсеитов атаулы күннің тәуелсіздік тарихындағы алар орнын атап өтіп, қатысуышыларды мерекемен құттықтады. Алдымен жиналғандар Елбасы өмірімен біте қайнасқан тәуелсіздік жылдарының жылнамасын арқау еткен бейнебаянға көз салды. Туған халқының жолында «басын бәйгеге тіккен» Елбасымыздың көңіл толқытар биік болмысы, кемел дарыны, көсемдік қасиеттері паш етіліп, отансүйгіштік дейтін асыл ұғымды ұштайтын асқақ рухты әндер, көз тойғысыз билер, көкейге түрлі ой салатын көріністер өткені қатпары қалың тарихпен қатар өрілген Қазақ елінің талайлы тағдырынан молынан сыр шертті.

Көңілге жабырқау түсіретін қазіргі қоғамның түрлі келеңсіздіктерінен соң аталмыш тағылымды тәрбие сағатын тамашалағандар бір сәт болсын жан жадыратып қайтты.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: