
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Отбасы – әр адам үшін жылулық пен қорғаныштың мекені болуы тиіс. Сондықтан үй ішіндегі сыйластық, өзара түсіністік пен жауапкершілікті қалыптастырудың маңызы зор. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда құқықтық сауаттылықты арттыру ерекше рөл атқарады. Әр азамат өз құқықтары мен міндеттерін білуі, қандай әрекеттердің заң бұзушылық болып саналатынын түсінуі қажет.

Осы ретте отбасы күніне орай «Жанұя» орталығында Ашық есік күні өтті. Іс-шара барысында аудан тұрғындары білікті мамандардан тегін кеңес алып, орталықтың негізгі қызметтерімен танысты:
Психологиялық қолдау: Қатысушылар «Бақытты отбасының негізі неде?» тренингіне қатысып, психологтың жеке кеңесін алды.

Құқықтық және әлеуметтік көмек: Заңгерлік және әлеуметтік мәселелер бойынша консультация берілді.

Іс-шараға Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Мансап» орталығы, Сарқан АПБ, «Алтын адам креатив орталығы» ҚБ және «Мамания-өнер мектебі» мамандары қатысып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Іс-шара барысында отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету мәселелері сөз болды. Қатысушыларға отбасы құндылықтарын сақтау, жанжалдарды бейбіт жолмен шешу және заң талаптарын сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
