Бүгінгі таңда туған жерден түлеп ұшып, таңдап алған саласы бойынша табысқа жеткен танымал жерлестерімізді «Туған елімнің өсіп-өркендеуіне қандай үлес қоса аламын?» деген сауал толғандыратыны анық. Бақалы ауылында туып-өсіп, театр-кино саласында ауыз толтырып айтарлықтай танымал рөлдерді сомдаған М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Саят Мерекеновтың кейінгі жылдары туған жеріне жиі ат басын бұрып, ізбасарларын тәрбиелеуді мақсат тұтып жүргені осы сөзіміздің айғағы. Жуырда ол аудандық Мәдениет үйінің жанынан драма үйірмесін ашып, Толымбек Әлімбековтың аудармасындағы Флорид Болековтың «Төрт кемпір бір шал» спектаклін жұртшылық назарына ұсынды.
Жаңа қойылымды тамашалауға жиналған зал толы көпшілік сол күні өмірмен өзектес тақырыпты аша білген жерлестерінің өнеріне дән риза болды. Шаруашылықтың жыл он екі ай таусылып бітпейтін қам-қарекетімен қоса жесірлік қамыты қажытқан қарттар үйіндегі төрт кемпірдің тағдырын орталарына келген шал өзгерткісі келеді. Шынайы өмірдің күрсінісі мен күйзелісін көрсетуді нысана тұтқан комедиялық қойылым күлдіре отырып ой салуымен құнды.
Қойылым соңында аудан әкімі Марат Разбеков сахнаға көтеріліп, көрермендердің алғысын әкімнің ықылас гүлімен жеткізіп, көпшілікті сергіткен тамаша спектакльді сахналаған дарынды жерлесіміз Саят Мерекеұлына алғыс айтып, иығына шапан жапты.