Жуырда аудандық әкімдіктің кіші мәжіліс залында әкімдік аппаратының қызметкерлері, қала, Алмалы, Екіаша ауылдық округтері әкімдері, мамандарының, әділет басқармасы, ХҚКО басшысы, мемлекеттік мекемелердің басшыларының басын қосқан семинар болып өтті.
Жиынды ашқан әкімдік аппаратының жетекшісі Бауыржан Абибеков: 19-23 ақпан аралығында мемлекеттік көрсететін қызметтерге тексеру жұмыстарын жүргізу үшін ауданға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызметтер басқармасының бас мамандары Талап Шаухаров және Жансерік Бабашев жұмыс сапарымен келді. Күн тәртібінде қаралатын мәселе мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу тұр,- деді.
Келесі кезекте сөз алған Талап Сайлаубайұлы: мемлекеттік көрсетілетін қызметтің сапасы бойынша 2017 жылдың қорытындысы бойынша 2018 жылдың 1 тоқсанында Сарқан, Алакөл аудандарында тексеріс жүргізу көзделген. Тексеріс барысында анықталғандай жауапты мамандар қанша қызмет көрсететінін өздері білмейді, стандарттар мен регламенттер толық орналастырылмаған немесе ескі. «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңның 5 бабында 12 пункттен тұратын міндеттер бар, сол міндеттерді орындасаңыздар ешқандай заң бұзушылық болмайды. Түсінбеген жағдайда департаментке хабарлассаңыздар, түсіндіріп береміз. Стандарттар мен регламентке сүйеніп жұмыс жасап, қызмет көрсетіңіздер,- деп мәлімдеді. Ал Жансерік Өміржанұлы болса: Әрбір көрсетілетін мемлекеттік қызметтің артында адамның тағдыры тұр. Сол себепті стандартта көзделмеген жағдайларда артық құжат сұратсаңыздар, тәртіптік жауапкершілікке тартыласыздар,- деп толықтырып өтті.
Жиылыс соңы залдан түскен сауалдарға облыс орталығынан келген қонақтардың толыққанды жауап беруімен аяқталды.
Ж. ЖОМАРТҰЛЫ.